ДИКТОР: Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына - 114 жыл. Өз дәуірінің ұлы саясаткері болған біртуар тұлға күрделі, қарама-қайшылыққа толы кезеңге қарамастан елдің экономикасын, әлеуметтік саласы мен мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін мен ерлігін үлгі ету мақсатында Көкшетауда "Ел танытқан - ер" атты портрет кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің 50-ге жуық студенті қатысты.

РКС: Дінмұхамед Қонаев 1930-1939 жылдар аралығында Алтай, Риддер және Лениногор сынды ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды басқарды. 1952-1955 жылдары Қазақстан Ғылым академиясын басқарып, президенті атанды. Оның басшылығымен өнеркәсіпті де, ауал шаруашылығын да дамыту, Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қонаевтың өзі 200-ге жуық ғылыми еңбектер жариялаған. 1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Ширек ғасыр Қазақстанды басқарған.

СНХ: ЖАНЕЛ ҚАСЕНБАЙ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Жалпы, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев біздің тарихымызда орны ерекше, ақыл-парасатымен, терең білімімен және әдемі мінезімен танылған ерекше тұлға. Осындай тұлғалардың атына жарияланған іс-шараларға қатысу арқылы мен болашақ мамандығыма өзімнің үлесімді қосамын және өз-өзімді тәрбиелеймін. Жалпы, менің ойымша жастар осындай іс-шараларға неғұрлым көбірек қатысса, солғұрым әлеуметіміздегі мәдениет деңгейі де өседі.

РКС: Дінмұхамед Қонаев өз дәуірінде мәдениеттілігі, имандылығы мен халық дәстүрін қадірлеуімен танылды. Мемлекет ісінен қол үзгеннен кейін де қоғамдағы реформаларды, демократияландыру бағыттарын қолдап, білімді әрі саналы азамат ретіндегі миссиясын жалғастырды.

СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Дінмұхамед атамыз елдің мақтаны боларлық, үйренетін үлгісі көп, өнегесі көп аса бір білімді, аса бір зиялы, өте байыпты, парасатты азамат болған. Осы адам туралы жастардың, балалардың білгенін қалаймыз. Сондықтан, өз білгенімізді айтамыз.

СНХ: ЕРКІН КИККАРИНОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Ол тек қана мемлекеттік қайраткер ғана емес, сонымен қатар қоғам қайраткері, ғалымда болған. Қазақстан ғылым академиясын басқарған адам. Ғылыми жаңалықтар ашқан. Қазақстанның 15 қаласын салуға түрткі болған. Біз тарихы тұлғаларымызды дәріптейміз, танытамыз және студенттер арасында кеңінен насихаттауға тырысамыз. Өйткені, өмір жолдары үлгі.

РКС: Дінмұхамед Ахметұлының бастамасымен қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 40-тан астам қала пайда болды. Жиынға қатысушылар ұлы тұлға жайлы тың, әрі қызықты ақпараттарға қанықты. Айта кетейік, облыс орталығындағы қалалық 12 кітапханада Дінмұхамед Қонаевқа арналған көрме ұйымдастырылмақ.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ