ДИКТОР: Қысқы демалыс – балалардың демалып, жаңа оқу тоқсанына күш жинауына мүмкіндік беретін маңызды кезең. 10 күндік демалыстың аяқталуына да екі күн қалды. Оқуаралық үзіліс кезеңінде оқушылар уақытын қалай өткізуде? Тілші баяндасын.
РКС: Каникул басталғалы бері қала мен ауылдардағы балалардың бос уақыты қызыққа толы. Аулалар мен саябақтарда шанамен сырғанап, коньки теуіп жүрген оқушылардың қарасы көбейді. Мұз айдындары мен шаңғы базалары да демалушыларға толы. Ал енді бірі жылы кітапханада кітап оқып, танымдық сабақтарға қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып жүр.
СНХ: ӘМІР ҚАЙРАТ, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Мен 1 мектеп оқушысымын, 3 сынып. Қазір қыс мезгілі каникул болып жатыр. Демалыста коньки тептім, сырғанақмен сырғанадым. Мен атаммен кітапханаға барып жүрмін. Өйткені анам, әкем жұмыста болады. Маған ата кітаптарды оқиды. Мен өзім ертегі оқимын. Мен және ағылшын кітаптарды оқимын. Мен ертегі Алдар Көсе оқыдым. Франгиштейн ағылшын кітапты оқыдым. Мен бос уақытымда кітап оқимын. Әрбір бала кішкентай кезінде кітап оқуы керек. Кітап оқу пайдалы. Кітап адамға білім береді.
РКС: Қысқы демалыс уақытын тиімді пайдалануға ұмтылған оқушылар кітапханаға жиі келуде. Рухани азық орнының қызметкерлері балалармен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, көрнекті тұлғалармен кездесулер өткізу арқылы балғын оқырмандардың демалыс уақытын пайдалы өткізуге үлес қосуда.
СНХ: БАҚЫТГҮЛ ҒАЛИЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Соның барлығына осы жастарды тартқымыз келеді. Қысқы демалыс уақытында балалар бізге келіп кітаптар оқып, қазір балалардың көбі жасанды интеллектке көп қызығып жатыр ғой, сонда да ертегілер, фантастика, детективтерді алады. Өздеріне ұнаған кітаптарын кітап қорынан тауып алып, оқып жатады. Біз өте қуаныштымыз оқырмандарымызға. Балалар өздерін қызықтыратын кітаптарды интернеттен тауып алған кітаптарын сұрайды, сосын сол кітаптарды өзіміз барынша тапсырыс береміз, уақытында тапсырыспен алып оқырмандар назарына ұсынамыз.
РКС: Кітапханаға шетелдік білім алушылар да келеді. Соның бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті, Үндістаннан келген Сай Теджа.
СНХ: ETE SAI TEJA, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Мен Көкшетау университетінде оқып жүрмін. Медицина факультетінің студентімін. Мұнда Үндістандағы емтиханға дайындалу үшін келдім. Негізгі мақсатым – білім алу.
РКС: Осылайша кітапханаға келушілер білімнің көкжиегіне жол ашып қана қоймай, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуде.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ