ДИКТОР: Былтыр Ақмола облысына алыс-жақын шетелден 18,5 мыңнан астам азамат келді. Қазір 10 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлға осы өңірді тұрақты мекен еткен. Оның бестен бір бөлігі этникалық қазақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында қандастардың мәселесіне жеке тоқталып, көші-қонға қатысты өз пікірін айтты. Қазір аймақта бұл мәселеге қатысты ахуал қандай? Тілші жеткізсін.
РКС: Көші-қон мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген Президент Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін атап өтті. Сондықтан денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым мен мәдениетке қатысты барлық міндеттеме толық көлемде орындалады, - деді. Бұл ретте елімізде заң алдында бәрі тең. Өркениетті әрі әділетті мемлекетте алаяқтыққа ешкім бой ұсынбайды.
ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Медицина туризмі тұрғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қаралып, сапалы ем-дом алу үшін көрші елдерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуропаның кейбір мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға келіп жатыр. Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.
РКС: Облыс бойынша бір жыл ішінде 661 шетелдік Қазақстанның азаматтығын алды. Оның 554-і қандас. Аймақтың көші-қон қызметі заңдылықтардың сақталуын ұдайы бақылап отырады.
СНХ: АННА ПОПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысының аумағына шетелдіктер негізінен Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстаннан келді. Олардың көпшілігі біздің елге жұмыс бабымен, сонымен қатар отбасын құру үшін және білім алуға келгендер. Ақмола облысының аумағында көші-қон ахуалын бақылау аясында жедел алдын алу шараларын өткізу кезінде былтыр 4600-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 517-ші бапқа сәйкес 3 мыңдай шетелдік жауапқа тартылды.
РКС: Бір жыл ішінде жергілікті көші-қон қызметі 1,5 мыңға жуық қабылдаушы тұлғаны және 200-ден астам жұмыс берушіні жауапкершілікке тартты. Заңсыз көші-қон ұйымдастырғандарға қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесудің 1 дерегі анықталды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ