ДИКТОР: Мәжіліс депутаты Айна Мүсірәлімова Көкшетауға жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, салалардағы өзекті мәселелермен танысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Депутат сапарының негізгі бағытының бірі – денсаулық сақтау саласы. Сапар аясында халық қалаулысы аймақтағы ең ірі медициналық жобалардың бірі – 630 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылыс барысымен танысты. Айта кетейік, заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан жаңа нысан, алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сай жетекші медицина орталықтарының біріне айналмақ. Жоба аясында екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысан 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
СНХ:РАГИП ХАСАНБЕЙОҒЛУ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Ғимарат құрылысының 95 пайызы аяқталды. Қаңқасы тұрғызылып, кіреберіс жұмыстары жүргізілуде. Қазір ғимараттың ішкі бөлігінде әрлеу және инженерлік-механикалық жүйелерді орнату жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
РКС: Бұған қоса, Мәжіліс депутаты облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының қызметімен де танысты. Өңірлік архив қорында жарты миллионға жуық тарихи құжат сақталған. Ең көне құжаттар 1873–1940 жылдар аралығын қамтиды. Бүгінде 31 мыңнан астам құжат цифрландырылған. Қордағы сирек жәдігерлер қатарында медициналық тіркеулер, уездік істер, сондай-ақ елді мекендер белгіленген дала картасы бар.
СНХ: ӘСЕМ ӘЛДІБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бұл көрме залы цифрландырылды. Бірқатар фотоқұжаттар мен фотосуреттер QR-кодтар қойылды. Сондай-ақ бірқатар ескі көне фотосуреттерге жасанды интеллект технологиясы арқылы жандандырылды. Ақпараттық технологиялар бөлімі қазіргі таңда құжаттардың бәрін цифрландырып жатыр. Бұл да бір күндік, бір жылдық жұмыс емес, бірнеше уақытты талап етеді. Дегенмен де ол жұмыс бізде атқарылып жатыр.
РКС: Жуырда Мемлекет басшысы архив ісін цифрландыру туралы заңға қол қойды. Құжаттарды сақтау, архивтердің тиімділігін арттыру және жеке деректерді қорғауды көздейтін заң өңірлік деңгейде де жүйелі жұмысты күшейтеді. Алайда салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жиын барысында архив қызметкерлері жалақы, материалдық-техникалық база және сақтау қоймаларының тапшылығы мәселесін көтерді.
СНХ: ГАЛИНА ФИЛИПЬЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Облыс бойынша 21 архив мекемесі бар. Оның 14-і жеке ғимаратта орналасса, 7 мекеме түрлі меншік иелерінен орынды жалдап отыр. Архив қорларында жалпы 1,5 млн құжат сақталған. Бүгінде архив ғимараттарының 95%-ы толы, оның ішінде 11 мекеме толық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Аудандық архивтердің ішінде әсіресе, Біржан сал архиві 120% жүктемеге жетіп отыр.
СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Архив қоры жыл сайын ұлғайып келеді, сондықтан ғимараттарды кеңейту мәселесі өте өзекті. Құжат қабылдау көлемі айтарлықтай қысқарған, бұл ертең маңызды құжаттардың жетіспеу қаупін тудыруы мүмкін. Мен ең алдымен жаңадан қабылданған заңды өңірлік деңгейде талқылап, ұсыныстар әзірлеуді ұсындым.
РКС: Халық қалаулысы өз кезегінде архив саласындағы мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, алдағы уақытта құзырлы министрлік тарапынан нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ