ДИКТОР: «Ауыл аманаты» бағдарламасы – елімізде ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастаманың бірі. Бұл жоба өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға нақты серпін беріп келеді. Соңғы екі жыл ішінде бағдарлама аясында 3 миллиард теңгеден астам қаражатқа 424 жоба қаржыландырылды. Ал жыл басынан бері жүзеге асырыла бастаған жаңа жобалар туралы тілші баяндайды.
РКС: Биыл «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен 2 миллиард 500 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Бүгінгі күнге дейін жеке кәсібін бастауды көздеген азаматтардан 1 миллиард теңгеден асатын жеңілдетілген несиеге 44 өтінім қабылданды. Соның ішінде 973 миллион теңгеге бағаланған 41 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.
СНХ: ДИНА АХМЕТЖАНОВА, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: Қалған 1,5 миллиард теңге ауыл шаруашылығынан тыс бағыттағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, бұл қаражат наубайхана ашу, техникалық қызмет көрсету станцияларын, сұлулық салондар мен ауылдық округтердің өркендеуіне қажетті өзге де бизнес нысандарын іске қосуға жұмсалмақ. Жаңа қағидаларға сәйкес, ауылдық округтердің әкімдері арнайы скрининг жүргізіп, жан-жақты талдау жасайды. Оның қорытындысы бойынша елді мекенде қай кәсіп түрлерін дамыту қажет екені көрсетілген аналитикалық анықтама әзірленеді. Бұл құжат аудандық әкімдікке ұсынылып, онда қаңтардың 30-на дейін қаралады.
РКС: Одан соң да бірнеше заң талаптарына сәйкес бірнеше қараудан өткен соң жобалардың соңғы нұсқасы корпорацияға жолданып, ресми сайтта жарияланады. Содан кейін барып қана бағдарлама аясындағы жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жұмыстары басталады. Жоба Зеренді және Целиноград аудандарында белсенді іске асырылуда. Мәселен, Зеренді ауданында бірнеше ай бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында заманауи наубайхана іске қосылды. Онда күнделікті нан өнімдерімен қатар, түрлі тәттілер, дәмді бәліштер мен пицца секілді сан алуан өнімдер әзірленеді. Ал Целиноград ауданында осы жоба шеңберінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген жеке кәсіпкер табиғи жүннен жұмсақ төсек-орындар шығаратын шағын фабрика ашты. Мұнда меринос қойының жылы әрі сапалы жүнінен тігілген, 100 пайыз табиғи әрі экологиялық таза өнімдер өндіріледі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЖҰМА НҰРҒАЛИЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Көктемде қой қырқу маусымы басталғанда барлық жүнді қайда жіберерімді білмей қиналатынмын. Оның барлығы өздеріңіз білесіздер қоқысқа тасталады. Ал шын мәнінде, бұл – ең құнды өнімнің бірі. Миллиондаған ақшаны осылайша лақтырып жүргенімізді ойлап, бірде интернеттен жүнді өңдеудің түрлі тәсілін, одан көрпе-төсек бұйымдарын жасаудың жолдарын зерттедім. Осылайша арнайы жабдық сатып алу қажет деген шешімге келдім. Әрине, бұл істе бізге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсетті. Нәтижесінде біз жүн түтетін, көрпе сыратын станоктар, сондай-ақ бірнеше өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алдық.
РКС: Соңғы жылдары ауылдық елдімекендердің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған игі бастамаға қызығушылық танытқан тұрғындардың қатары артып келеді. Ауылда күн көріс көзі жоқ дейтіндерге бұл түсінікті жоққа шығарып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өз кәсібін жолға қойып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің еңбегі көпшілікке айқын үлгі болып отыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ