ДИКТОР: Бүгін энергетика саласының қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтуде. Осы айтулы датаға орай «Көкшетау Энерго» серіктестігі қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Жиын барысында еңбегі еленген бірқатар қызметкер марапатталды. Сонымен қатар, еліміздің дамуына үлес қосқан сала ардагерлерінің қажырлы еңбегі ерекше аталып өтті.

РКС: Салтанатты жиында өңір тұрғындарын жылумен және үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп отырған сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілді. Айтулы мереке аясында сахна төрінде 100-ге жуық энергетиктің еңбегі лайықты бағаланып, саладағы сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның дамуына қосқан үлесі мемлекеттік марапаттармен сараланды. Сала мамандары бір-бірін кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Кәсіпорын қызметкерлерінің еңбегі ең жоғарғы деңгейде бағаланды. Мәселен, серіктестіктің бас директорының өндірістік бақылау жөніндегі көмекшісі Президенттің атынан «Құрмет» орденімен марапатталды.

СНХ: МҰРАТ ҮЛЕКОВ, "КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО" СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ: Енді сіздер білесіздер энергетиктерінің жұмыстары онша білінбейді де, көрінбейді. Бірақ та апатты жағдайларда, қар жауып атқан кезде, жаңбыр жауа, дауыл болса, осы энергетиктер сіздердің үйлеріңізде свет жабдықтыру үшін жұмыстарын істейді. Соған болса, мен айтайын деп айтқаным біздің энергетиктер жұмыстарын өте жақсы атқарады. Свет үзілмей береді негізінен.

РКС: Энергетиктердің еңбегі үлкен жауапкершілікті, технологиялық үдерісті, терең білім мен жанқиярлықты талап етеді. Бұл мамандықты таңдаған адамдар ерекше құрметке лайық, - деді шараға жиналғандар. Көп жылғы еңбекке сала ардагерлері оң баға беруде.

СНХ: КӨШЕК СӘМЕНОВ, "КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО" СЕРІКТЕСТІГІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Энергетика саласы бұл енді Республикамыздың жалпы жер әлемінде стратегиясының мықты бағыт. Сондықтан бұл энергетика қалай дамиды, ел солай дамиды. Бұл энергетика саласы мінеки соңғы жылдары өте жақсы дамып, жалақылар өсіп, техникалары жаңғыртып, ауыр ауыр техникаларды әкеліп, үлкен бағаналарды таситын, жоғарға көтеретін техникаларды алды. Осы өзгерістер соңғы жылдары керемет үрдіс алып дамып жатқаны.

РКС: Айта кету керек, өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында тіршілікке қажетті инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Көкшетауда жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Бұл жоба жылу тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, 2028 жылы алғашқы кезеңі іске қосылғанда қала 120 мегаватт электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес, келер жылы Көкшетауда жаңа 2 қосалқы станция іске қосылып, жаңа кәсіпорындарды қосуға қосымша қуат беріледі.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ