ДИКТОР: Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендердің тазалығын арттыруға бағытталған кең ауқымды бастамалардың жалғасы ретінде Біржан сал ауданындағы Абай атындағы № 2 орта мектебінде «Жасыл болашақ» атты экологиялық викторина-квест ұйымдастырылды. Аталған шара барысында оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, экологиялық білімдерін толықтыруға және қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

РКС: Жарысқа Степняк қаласындағы екі мектептің 9–11 сынып оқушыларынан құрылған 4 команда қатысты. Экологиялық викторина-квест барысында қатысушылар түрлі логикалық тапсырманы орындап, экология, табиғатты аялау, қалдықтарды сұрыптау және жасыл өмір салты тақырыптары бойынша білімдерін ортаға салды. Шарада оқушылар белсенділік танытып, танымдық әрі мазмұнды тапсырмаларды орындады. Сайыс барысында жастар экологиялық білімдерін тексеріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көзқарастарымен бөлісіп, қиялдарындағы таза қаланың көркем бейнесін сурет арқылы бейнеледі.

СНХ: АЛУА ЖАҚСЫЛЫҚ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ № 2 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Яғни бұл квесттерде біз қоқысты өндіру туралы, және де қандай да бір қоқыстарды осылай жинақтау туралы біз осындай ойындар өткізіп, бүкіл саналы ұрпақтың экологиялық санасын ұжымдастыруымыз қажет. Көп тәжірбие алмастық осы ойындарда, және де мен осы экологияны қорғау үшін өз достарымды және де келе жатқан ұрпақтарды осылай экологияны сақтауға, қорғауға шақырамын.

РКС: Мектеп оқушылары теориялық білімдерін шыңдап қана қоймай, оны іс жүзінде де көрсетуде. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын сенбіліктерге белсене қатысып, тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосуда.

СНХ: РУСЛАН ӘБУОВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ № 2 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі квестте ойнап жатқан оқушыларымыз Республикамыздағы қазба байлықтар, оның пайдасы, шығарылып жатқан қоқыстарды қайта өңдеу, оны қайда жарата аламыз, қорықтардағы мекен ететін аңдар, құстар, яғни еліміздегі толып жатқан, басқа елдерде кездеспейтін біздің жан-жануарларымыздан бастап тіршілік иелерінің барлығын қадір-қасиетін бүгінгі жас ұрпақтың бойына соны кескіндеу арқылы, суреттеу арқылы, сызбасын сызу арқылы болашақ ұрпаққа аманаттаудың жолын табады деп ойлаймын.

РКС: Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде Біржан сал ауданы бойынша 200-ге жуық экологиялық акция ұйымдастырылып, аудан аумағындағы елді мекендер мен қоғамдық орындарда қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүргізілді. Алайда ғылыми негіздегі шаралар дамудың бастапқы кезеңінде тұр.

СНХ: МИРГҮЛ АЯҒАНОВА, БІРЖАН САЛ АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылғы болған жалпыұлттық акция «Таза Қазақстан» биылғы жылы да жалғасуда. Акция аясында көптеген абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыдан 3-4 жыл бұрын бізде осы «Таза Қазақстан» акциясының жалғастыру мақсатында «Жасыл ел» жобасы да жүзеге асырылып келе жатыр. Жасыл ел жобасы аясында біз 24 жылы және 25 жылы біз 30 баланы жұмыспен қамтыған болатынбыз. Бұл енді жастар, оқушылар, олар енді жазғы уақытта уақыттарын бос өткізбес үшін осындай жұмыстарға жұмылдырылды. Бүгінгі күні міне аудан бойынша бізде жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында викторина квест «Жасыл болашақ» өтіп жатыр. Осы іс-шарада әрбір команда бірнеше инстанциядан өтіп, экологиялық бағыт бойынша сұрақтарға жауап беруде.

РКС: Алдағы уақытта осы жобаны кеңейтіп, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа шаралар өткізу жоспарланып отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ