ДИКТОР: Атбасар ауданында кәсіптік білім беру жүйесі мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимыл нығайып келеді. Осы бағытта қаладағы аграрлық-индустриалды колледжінде қамқоршылық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Қатысушылар кадр даярлау, түлектерді жұмыспен қамту және жастардың кәсіби болашағы жан-жақты талқыланды.
РКС: Кездесу барысында студенттердің техникалық шығармашылығы ұсынылған көрме ұсынылды. Болашақ мамандар ауыл шаруашылығын механикаландыру, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу және токарь ісі, тігін өндірісі мен киім үлгілеу бағыттары бойынша өздерінің тәжірибелік жұмыстары мен тың әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынды. Колледж басшылығы оқу орнының тұрақты дамып келе жатқанын және өндіріс орындарымен серіктестікке әрдайым ашық екенін атап өтті.
СНХ: ӘСКЕРБЕК ТӨЛЕБАЕВ, АТБАСАР АГРАРЛЫҚ-ИНДУСТРИАЛДЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінде колледжіміз серпінді әрі тұрақты даму үстінде. Алдымызға жаңа міндеттер мен басым бағыттар қойылып отыр. Ең бастысы — түлектеріміздің болашағы, яғни олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Қазіргі таңда колледж түлектерінің 75 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл — біз үшін жақсы нәтиже.
РКС: Жиынның негізгі бөлігі агроөнеркәсіп саласының өкілдері мен бизнес қауымдастығы арасындағы ашық диалогқа ұласты. Жұмыс берушілер жастарға қажетті мамандықтар мен ұсынылатын еңбек жағдайлары жөнінде ақпарат берді.
СНХ: АБУБАКАР АБАЕВ, «АГРО-СИНТЕЗ-2020» СЕРІКТЕСТІГІНҢ БАСШЫСЫ: Осындай кездесулер ауыл шаруашылығындағы маман тапшылығын азайтуға сеп болады деп сенемін. Бүгінде жастар өз әлеуетін толық іске асыра алатын сала — ауыл шаруашылығы. Бұл салада еңбекақы деңгейі де жоғары. Сондықтан табыс табуға барлық мүмкіндік бар.
РКС: Кездесу соңында тәжірибеден өту және түлектерді болашақта жұмыспен қамтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шара өндірістік оқыту шеберлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімімен түйінделді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, АРДАҚ ТЛЕУҒАБУЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ