ДИКТОР: Сауд Арабиясы Корольдігінің Эр-Рияд қаласында

Каратэ-до кёкушинкайдан 5-ші Әлем чемпионаты өтті. Ақмолалық спортшылар әлемдік деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, ката және кумитэ бағыттары бойынша 5 қола медальды еншілеп қайтты. Күні кеше елге оралған спортшыларды күтіп алуға біздің түсірілім тобы да барып қайтты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Желтоқсаның 10-ы мен 14-і аралығында Сауд Арабиясында өткен дүниежүзілік дүбірлі додаға 32 елден келген 751 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде қазақстандық каратэшілер жоғары шеберлік танытып, 19 алтын, 14 күміс және 21 қола медальды қоржынға салды. Нәтижесінде еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте айқын басымдықпен көш бастады. Осы тарихи жетістікке Ақмола облысының каратэшілері де сүбелі үлес қосып, ел абыройын асқақтатты.

СНХ: ЕРКЕБҰЛАН СЕЙІТҚАЛИЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Ката және кумитэ дисциплинасы бойынша біздің спортшыларымыз қатысты. Соның ішінде ұлттық құрама бойынша командалық бірінші орынды алып отырмыз. Алда тағы да халықаралық турнирлар бар. Испанияға дайындаламыз және Польша елінде өтетін Еуропа чемпионаты бар. Соған дайындаламыз.

РКС: Татамиде әр сәттің өз салмағы бар: мұнда дәлдік, сабыр мен қырағылық қатар талап етіледі. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Талап Санжар бұл жарысқа зор үмітпен шықты. Ол өз күшіне, ұзақ жылдық дайындығына және қажырлы еңбегіне арқа сүйеп, әлемдік додадан жеңіспен оралатынына нық сенімді болған.

СНХ: САНЖАР ТАЛАП, КАРАТЭ–ДО КЁКУШИНКАЙДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Мен каратэмен айналысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Үлкен жетістіктерге жеттім. Мен 3-шы орынға ие болдым. Өз жеңісімді Қазақстанға арнаймын.

СНХ: ҚАЗБЕК ТАЛАП, АТА-АНА: Біздің жігіттеріміз жеңіспен келіп отыр. Өте қуаныштымыз. Соның ішінде менің де балам бар. Талап Санжар. 8 жыл болды осы каратэмен айналысып жатқанына. Жігіттерге тілейтінім, әрқашанда Қазақстанның туын көтеріп біздің елімізді көтере берсін. Екіншіден, біздің сенсейларға рахмет. Балаларды осы спортқа әкеліп, осындай жетістіктерге жеткізіп отырғандарына рахмет.

РКС: Әлемдік деңгейде бақ сынап, мықты қарсыластарын қапы қалдырған жерлес спортшылар үшін бұл - үлкен жетістік. Десе де, бұл асу соңғы меже емес. Алда әлі талай дүбірлі додада шеберліктерін одан әрі шыңдап, жеңістің биік тұғырынан көрінетіндеріне сенімді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ