ДИКТОР: Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласындағы Надежда Крупская атындағы №1 мектепке ресми түрде гимназия мәртебесі беріліп, білім ошағы жаңа белеске көтерілді. Жаңа мәртебе мектептің дамуына тың серпін беріп, білім сапасын одан әрі арттыруға, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін толық ашуға жол ашып отыр.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 245 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаржы есебінен 21 оқу кабинеті толық жаңартылып, мектептің барлық негізгі кеңістігі заманауи талаптарға сай жабдықталды. Ашылу салтанатында Жарқайың ауданының әкімі білім ұжымының еңбегін ерекше атап өтті.
СНХ: ЕРБОЛ ЖҮСІПБЕКОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл ауданымыз үшін ерекше мәнге и е ерекше жетістік. Жарқайың ауданында алғаш рет білім ордасына мектеп-гимназиясы мәртебесі берілуі білім сапасының жоғары деңгейде екенін, оқушылардың тұрақты жетістіктерін және педагогикалық ұжымның кәсібі жүйелі екенін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Білімді ұрпақ-ел болашағының негізі». Сапалы білім қоғам дамуының мең басты кепілі.
РКС: Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында аудан әкімі мектепке тәрбиелік және мәдени шаралар өткізу үшін киіз үй сатып алуға сертификат табыс етті. Сондай-ақ білімге бастайтын жолдың символы ретінде «Білім кілті» табысталды. Шара барысында мектеп түлектері де сөз алып, жаңарған білім ордасына деген мақтаныш сезімдерін жеткізді.
СНХ: ҰЛБОЛСЫН АХМЕТОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бұл жерде оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, өмірге қажет нақты дағдылар мен практикалық іскерлікті де меңгереді. Биология, география, шет тілі сияқты пән кабинеттері де заманауи талаптарға сай жабдықталған. Осындай жағдай жасалған соң, оқушыларға жақсы оқып, білім алуға деген ынтаны арттыру ғана қалады.Бұл мектептің түлегі ретінде мен үшін бұл жаңалықтың орны ерекше. Біз 50 жыл бұрын оқыған кезде сыныпта тек тақта мен бор ғана болатын. Ал бүгінгі мектеп – мүлде басқа деңгей. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан бұл өзгерістер шын мәнінде қуантады, лайықты әрі мақтануға тұрарлық.
РКС: Бүгінде мектеп-гимназияда жаңа форматтағы пән, STEM-кабинеттері, заманауи медиасынып, сондай-ақ қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері жұмыс істеп тұр. Оқушылардың білім алуы мен шығармашылық қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Мектептің педагогикалық ұжымы жыл сайын тұрақты жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Оқушылар зияткерлік, ғылыми, шығармашылық және спорттық байқауларда аудан, облыс, тіпті республикалық деңгейде жүлдегер атанып жүр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ