ДИКТОР: Шортанды ауданына қарасты Степное ауылының 50-ден астам тұрғыны донор болды. Аталған елдімекенде қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды. Астанадан арнайы келген ақ халаттылар тұрғындарды жергілікті дәрігерлік амбулаторияда қабылдады.
РКС: 60-қа жуық шортандылық қан тапсыруға ниет білдірді. Олардың арасында медицина қызметкерлері, төтенше жағдай қызметінің мамандары, фермерлер, аудан әкімі, тіпті қарапайым белсенді ауыл тұрғындары да бар. Алдымен акцияға қатысушы шағын медициналық тексерістен өтті. Астанадан арнайы келген трансфузиология ұлттық орталығының мамандары сараптама жасады. Оның қорытындысы бойынша қан тапсыруға 52 еріктіге рұқсат етілді. «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы да солардың қатарында.
СНХ: АНАР АЯПБЕРГЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ: Бүгінгі күн біз Шортанды ауданында осы аудандық ауруханаға келіп, қан тапсыруға мындай бір іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Біз енді байланыста болғасын, Астанадағы трансфузиология орталығы осылай қан тапсыру керек деген ұсыныспен түсті. Сол халыққа осындай анонс жібергесін, өздері халық келіп, қан тапсыруға дайындалып отыр. Мен ойлаймын,осы қан тапсыру деген ол енді өте жақсы көмек. Негізінде статистика бойынша бір адам қан тапсырса, ол үш адамға көмек жасай береді. Өте пайдалы, денсаулығына да жақсы деп ойлаймын.
РКС: Шортанды ауданында көшпелі донорлық акция екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осындай игі іс арқылы өзгенің өмірін сақтап қалуға болады,-дейді мамандар. Қазақстанда донор болу аса қиындық тудырмайды. 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден төмен емес кез келген дені сау азамат донор бола алады. Қан тапсырардан бір күн бұрын диета ұстаса жеткілікті. Денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімдері де болмауы шарт.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ