ДИКТОР: Соңғы күндері ауа райы күрт өзгеріп, табиғат тосын мінез танытуда. Алдағы күндері циклонның әсерінен облыс аумағында ауа райы күрт өзгермек. Ұйытқыма жел, боран мен қар жолдарда жағдайды қиындата түсуде. Коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

РКС: Синоптиктер облыстың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады деп отыр. Қалың қар жауып, бұрқасын жүреді, кей аймақтарда көктайғақ болуы ықтимал. Желдің күшеюі мен сынап бағанасының күрт төмендеуі көлік қатынасы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.

СНХ: ГҮЛЖАН БАЙМҰҚАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ: Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысып, секундына 9–14 метрге, кей жерлерде 15–20 метрге дейін күшейеді. Күндіз желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді. Түнде ауа температурасы 15–20 градус аяздан 6–11 градусқа дейін, күндіз 10–15 градустан 4–9 градусқа дейін суық болады.

РКС: Ауа райының бұзылуына байланысты көшелер қардан тазартылып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Көкшетауда коммуналдық қызметтер жолдар мен қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстауға алдын ала қамданған. Мемлекеттік сатып алу келісім-шартының негізінде мердігер ұйымдар анықталған. Бұл жұмыстарды қазір Көкшетау қаласы бойынша «Көкше тазалық» және «Зерен-2006» саеріктестіктері жүзеге асыруда. Сонымен қатар қаланың ішкі көшелері мен кварталішілік аумақтарды санитарлық тазартуға жауапты тағы бір серіктестікпен келісім-шарт жасалды.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазір осы үш мердігер ұйымда 116 техника бар. Қар тазалайтын техникалар мен автогрейдерлер, қар шығаратын самосвалдар, тротуарлар мен жолдарды тазалауға арналған тракторлар жеткілікті. Қала бойынша 250 шақырымға жуық жол, сондай-ақ саябақтар, скверлер мен жағалау аймақтарында уақытылы тазалау жұмыстары жүргізіледі. Күн сайын көктайғақтың алдын алу үшін инертті материалдар себіледі. Қажетті қосымша материалдар да жеткілікті.

РКС: Коммуналдық қызметтер тәулік бойы үздіксіз жұмыс режиміне көшкен. Жауапты мамандар тұрғындарды жолда мұқият болуға және мүмкіндігінше қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ КАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ