ДИКТОР: Көкшетауда жаңа театрдың құрылысы басталады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қала тұрғындарымен өткен есепті кездесу барысында мәлімдеді. Аймақ басшысы мәдениет саласын дамыту, театр өнерін қолдау және насихаттау өңірдің рухани әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұған қоса, кездесу барысында аймақ басшысы өңірдің негізгі даму бағыттары мен қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен аймақты өркендетудің негізгі бағыттарын атап өтті. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Жиын барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы өңір экономикасының басты драйвері екенін атап өтті. Биылғы жыл Ақмола облысы үшін берекелі болды. Диқандар рекордтық өнім жинап, өңірдің аграрлы аймақ ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өсімдік шаруашылығы өнімдерін әртараптандыруға басымдық берілді. Осы бағытта майлы дақылдардың егістік алқабы 2,5 есе ұлғайды. Бұл ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ аймақта жылына 3 миллион тонна астықты терең өңдеуге қауқарлы ірі 2 зауыттың құрылысы басталды. Аталған өндіріс орындары іске қосылса, 6 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытуға да басымдық берілмек.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
РКС: Өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру - мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Бұл мақсатқа жету үшін тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру аса маңызды. Биыл облыста тұрғын үй құрылысы саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Соның арқасында 7 мыңнан астам ақмолалық отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, тұрмыстық жағдайын жақсартты. Сондай-ақ, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Биыл 80-ге жуық ауылдық елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылды. Шаһарда 6,3 миллиард теңгеге жаңа су тазарту станциясы іске қосылды. Алайда тіршілік нәрінің сапасы тұрғындар тарапынан сынға ұшырағаны да жасырын емес. Осы ретте Аймақ басшысы жауапты органдарға кемшіліктерді жан-жақты зерделеп, су сапасын жақсарту бойынша нақты әрі жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
РКС: Белсенді өмір салтын ұстанған аға буын өкілдерінің өтініштері де назардан тыс қалған жоқ. Шаһардағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бүгінде 1400-ге жуық зейнеткер тіркелген. Орталық 150 адамға есептелгенімен, келушілер саны 500-ге дейін жеткен. Ғимараттың тарлығына байланысты айтылған өтініштерге орай, аймақ басшысы наурыз айында орталықтың ғимараты кеңейтілетінін жеткізді. Бұған қоса, аймақ басшысы Марат Ахметжанов өңірде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және өнеркәсіп салаларында атқарылып жатқан жұмыстар мен даму қарқынына тоқталды. Ол инвестициялық әлеуетті арттыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Ал тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы демалыс ортасын қалыптастыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту мен абаттандыру жұмыстары келер жылы да жалғасын табатынын жеткізді. Жиын соңында көпбалалы аналарға «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Бір топ азаматқа жаңа пәтердің кілті берілді. Сондай-ақ өз саласында табысты еңбек етіп жүрген мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ