ДИКТОР: Есірткі жас талғамайды. Ол - бір сәттік әуестік емес. Адамның бүкіл ғұмырын тас-талқан ететін қасірет. Ал осы қауіпке қарсы күн сайын адам өмірінің амандығы үшін алдыңғы шепте тұрған жандар қаншама. Бүгін біз ел болашағы жолында өз өмірін қатерге тіккен, тәуелсіз елдің батыры туралы айтамыз. Тілшіміз Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дархан Досанов - шен үшін емес, ар үшін қызмет етіп жүрген офицер. Ішкі істер органдарына 2004 жылы саналы түрде келген. Атадан қалған шен де, алдынан жол ашатын танысы да болған жоқ. Сол кезде отбасында форма киген жалғыз жан еді. Бүгінде сол адал жол өзгелерге үлгіге айналды. Тіпті оның ізімен ерген інісі де қызмет жолын таңдаған.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2004 жылы Қостанай қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі Академиясына оқуға түстім. Ол кезде бұл оқу орны Ішкі істер министрлігінің мектебі болатын. Академияны аяқтағаннан кейін Ақмола облысы Полиция департаментінде кәмелетке жасы толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор қызметін атқардым. 2012 жылы есірткі қылмысына қарсы қызметке келдім. Сол жылдан бастап аға жедел уәкіл қызметтерін атқарып, бүгінде есептесек, 13 жылға жуық уақытымды есірткіге қарсы күреске арнаппын. Бұл тек қылмыспен күрес емес, сонымен қатар алдын алу, түсіндіру, профилактикалық жұмыстар да біздің қызметтің маңызды бөлігі.

РКС: Криминалды істер жылдам шешім қабылдауды, асқан қырағылық пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Ал Дархан Досанов - осы қасиеттің бәрін бір бойына тоғыстырған, өз ісінің нағыз маманы,-дейді әріптестері.

СНХ: ДАРХАН СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Дархан Тұрлыбекұлымен 2012 жылдан бері жедел уәкіл лауазымынан бастап, осы күнге дейін бірге қызмет атқарып келе жатырмыз. Ол кісі өз жұмысын нақты жақсы біледі. Өз жұмысының шебері деп білеміз. Оның артынан ерген әріптестеріміз ол кісіден мол тәжірибеге ие болды. Дархан Тұрлыбекұлы қарапайым жақсы кісі. Бос уақытында спортпен шұғылданады. Отбасына көңіл бөледі. Жұмыста әріптестеріне сыпайы, өзінің білгенін күн-түн демей үйретіп, өзінің бойындағы тәжірибесін жас мамандарға үйретуге тырысады.

РКС: Дархан Досанов 2015 жылы өзіне бөлімше бастығы қызметі ұсынылғанына қарамастан, басталған істі соңына дейін жеткізуді азаматтық әрі кәсіби парызым деп білді. Табандылығының арқасында ол 2 келіден астам героин тәркілеп, қылмыстық топтың барлық фигуранты 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға кейіпкеріміздің өз қызметіне формалды көзқараспен қарамай, ел алдындағы адалдық пен заңға деген беріктікті басты құндылық деп санайтынының айқын көрсеткіші.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ