ДИКТОР: Көкшетауда қала тұрғындары мен қонақтары көптен күткен Бас шырша шамының жағылу рәсімі өтті. Жаңа жылдық шыршалардың шамы бір мезетте «Ақ желкен» кешенінің аумағы, Жаңа жағалау, Абылай хан алаңы, Красный Яр ауылы мен Станционный кентінде жағылды. Биыл шырша тұрғындардың жаңа жылдық мерекелерге өз үйлеріне жақын аумақтарда қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше жерге орнатылып отыр.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Ақ Желкен» кешенінің аумағында биыл алғаш рет жаңа жылдық шырша орнатылды. Мерекелік кешке жиналған жұрттың қарасы қалың, тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Жарыққа малынған алаңда балалардың күлкісі естіліп, үлкендер шыршаның жағылуын шат-шадыман көңілмен тамашалады. Безендіру аумаққа айрықша сән беріп, халыққа қуаныш пен жылылық сыйлады.
СНХ: АЛМА ХАСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз Солтүстік Қазақстаннан көшіп келіп едік. Содан бері 3-4 жылдай Көкшетауда тұрып жатырмыз. Өте әсем, әдемі қала. Халқы бәрі жақсы. Мынау келе жатқан жылқы жылы елімізге жақсылық, денсаулық халқымызға, тәуелсіздік мейрамымыз өтіп кетті ғой, бірақ сол тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Сіздер жастар аман болсын. Балаларымыз, немерелеріміз бәрі жақсылықпен осы елді, осы елде жақсы өмір сүруге нәсіп етсін. Келе жатқан жаңа жыл қайырлы, құтты болсын. Бүгін алаңда шынымен де жас та, үлкен адамдар да көп екен. Ол өте қуанышты жағдай.
СНХ: ТОЛҚЫН АТАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бүгін Көкшетау қаламызда бас шыршамыз қосылды. Суыққа қарамастан алаңда көп адам жүр. Жаңа жыл жақсы өтсін, көп береке әкелсін. Денсаулығымыз зор болсын. Қаламыз көркейе берсін.
РКС: Алаңда жаңа жылдық шыршамен қатар өзге де жарық композициялары, мұздан қашалған мүсіндер мен шағын сәулет нысандары орнатылуда. Барлық безендіру жұмыстары қаланың бекітілген дизайн-кодына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Биыл мерекелік іс-шаралар мен безендіруге қазынадан 55,4 миллион теңге қарастырылған. Қаражат қоғамдық кеңістіктерді безендіруге және мерекелік бағдарламаларды өткізуге бағытталады. Жаңа жылдық безендіру жұмыстары қала бюджеті есебінен, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылуда.
СНХ: ӘЛИ ҚАБДУЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: 31 желтоқсан күні негізгі мерекелік бағдарлама Жаңа жағалауда өтеді. Мерекелік концерт пен жаңа жылдық отшашу да дәл сол жерде болады. Концерт аясында қала тұрғындары мен қонақтарының алдында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қайрат Нұртас өнер көрсетеді. Жаңажылдық іс-шаралар өтетін кезеңде қалалық қызметтер мерекелік шаралардың үйлестіруін, техникалық сүйемелдеуін, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді.
РКС: Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылған соң, жиналған жұрт отшашу көрінісін қызықтап, мерекелік концертті тамашалады.
ИНТЕРШУМ:
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ