ДИКТОР: Елімізде ана мен баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саясаттың негізгі бағытының бірі. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан баланы дүниеге әкеліп, одан соң 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты 750 млрд теңге жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ, еліміз бойынша алдағы екі жылда жаңа 12 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Облыстық перзентханалар да назардан тыс қалған жоқ. Заманауи жабдықтармен жасақталуда. Ана мен бала денсаулығын жіті бақылайтын бөлімшелер ашылып, пациенттің күтіміне қажетті бар жағдайлар жасалуда.

РКС: Былтыр облыстық перинаталдық орталықта консультативтік диагностикалық бөлімше ашылды. Онда амбулаториялық медициналық көмек көрсетіледі. Жүкті әйелдер дәрігер-мамандардың қабылдауында болып, толық диагностикалық зерттеулерден өте алады. Сондай-ақ, алыс аймақтардан келетін аналарға да бар жағдай жасалған. Биыл Көкшетау қаласында орналасқан перзентханада 1 мыңнан астам жүкті әйел аудан орталықтары мен ауылдардан келіп босанды. Перзентхана ғимаратында елді мекендерден келген аналарға арналған «Сау ана» пансионаты ашылды.

СНХ: ЕРКЕЖАН ТАХИР, ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДӘРІГЕРІ: Мұнда барлығы тегін. Аналарға медециналық көмек, жылы тамақ, төсек орын беріледі. 10 төсек орын қарастырылған. Осында аналар алдын-ала келіп жағдайларын жасап, босану күнін күтіп жатады.

РКС: Ақмола облысында жыл басынан бері 8,5 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Десе де соңғы жылдары бала туу көрсеткіші біршама төмендеп кеткен.

СНХ: АЙЫМГҮЛ МАХАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫ ОРТАЛЫҚТЫҢ АКУШЕР-ГИНКОЛОГЫ: Егер 2019 жылы 5000 шақалақ дүниеге келсе, былтыр 3700-ге азайған. Биыл да осы көрсеткіш деңгейінде болады деген болжам бар. Айына 300-400 сәби өмірге келеді.

РКС: Мемлекет денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған бірталай жұмыстарды да жүзеге асырып келеді. Биыл елімізде 11 мыңнан астам дәрігер маман жоғары оқу орнын тәмамдады. 2,5 мың грант өңірлердің қажеттілігі ескеріле отырып бөлінді. Мемлекеттік грант бойынша 5 жас маман облыстық перинаталдық орталыққа жұмысқа орналасты.

СНХ: ГҮЛЖИЯН ҚАДЫРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ ДӘРІГЕРІ: Орал қаласынан боламын. Осында мемлекеттік грантты өтеуге келдім. Бұл мамандық өте маңызды, қоғамға керек мамандық. Жаңа сәбидің дүниеге келуі мен үшін бақыт. Сондай іске бір септігімді тигізейін деп, адал қызмет етуге осы мамандықты таңдадым.

РКС: Халық санының өсуі медецина саласының дамуы мен әлеуметтік ахуалдың жақсарғанын білдіреді. 1-ші қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы төлемдер де біршама көбейеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ