ДИКТОР: Жаңа жыл қарсаңында Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі өтті. Аймақтың 100-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері сауда алаңына табиғи өнімнің 30-дан астам түрін ұсынды. Жәрмеңкенің ерекше көрінісін тілшіміз Жанар Мұқышева да көріп қайтты.
РКС: Қыстың қытымыр аязына қарамастан, таң сәріден алаңға ағылған жұрттың қарасы қалың. Жәрмеңкеге келген шаһар тұрғындары сауда сөрелерін жағалап, жаңа жылға қажетті азық-түлік қорын қамдауда. Себебі мұндағы өнімдер тікелей өндірушіден жеткізілгенсоң, бағасы да нарықтағы бағадан төмен.
СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі жәрмеңкеге 30 түрлі азық-түлік сатылады. Жалпы, 200 тоннадай өнім әкелініп, сатылады. Нарықтық бағасымен салыстырғанда 10-15 % төмен. Бұл өте жақсы, таза, сапасы жақсы өнім.
РКС: Сауда сөрелеріне ұсынылған өнім түрі шынымен де мол. Мұнда ет және сүт өнімдері, балық, жұмыртқа, өсімдік майы, көкөніс, бал және басқа да ең қажетті азық-түлік түрлері бар. Көкшетаулық кәсіпкер Эльвира Мұқашева жәрмеңкеге ірімшіктің 10 түрін әкеліп отыр. 2023 жылдан бері кәсіпкерлікті қолға алған ол, бүгінде табиғи ірімшіктің 20 түрін өндіреді. Айтуынша, мұндай жәрмеңкелер шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен қолдау.
СНХ: ЭЛЬВИРА МҰҚАШЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Қымыз, ешкі, түйенің сүті, сиырдың сүтінен авторлық өнімдер өндіреміз. Соның бірі түйе сүтінің сыры. Бұл сыр түйе сүтінен дайындалып, қымыздың ішінде піседі. Франциядағы бүкіл әлемдік конкурстан алтын медаль алған сырымыз болып табылады. Тек бұл ғана емес, басқа да өнімдеріміз, құрт өнімдеріміз халықаралық конкурстарда аотын, күміс қола медальдарын алып, Көкшетаудың табиғатын, дәмін бүкіл әлемге таныстырудамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге сырдың 10-нан астам түрін алып келдім. Өте қуаныштымын, осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері бізге өте үлкен көмек. Халыққа осындай таза, табиғи, авторлық өнімдерді ұсынып, таныстыру үстіндеміз. Және біздің кәсібімізді алға қарай дөңгелетуге үлкен септігін тигізеді.
РКС: Ал бұл сөрелерде Ерейментау ауданынан жеткізілген қой еті сатылуда. Торғай ауылдық округінде орналасқан шаруашылықта 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы бар. Бұл еттің бір бөлігі Катар еліне экспортталады. Ал жәрмеңкеге тиімді бағада 2,5 тонна ет әкелінген.
СНХ: МАРАТ ӘУБӘКІРОВ, ТОРҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: (ЕРЕЙМЕНТАУ): Тамаша жүріп жатыр. Етіміз өтіп жатыр. Еттің бағысы 3100-ден болып жатыр. Ал негізгі еттің сатылатын бағасы Катар еліне 8 доллардан кетеді.
РКС: Жәрмеңкеде волонтерлер де белсенділік танытты. Тұрғындарға ауыр сөмкелерін көтерісіп, қолғабыс көрсетуде.
СНХ: ДӘУЛЕТИЯР ЖАНҒАБЫЛОВ, ВОЛОНТЕР: Ата-апаларға көмектесіп, заттарын апарып беруге атсалысып жүрмін. Алғыс алып жатырмыз апалардан, батасын, рахмет бәріне, көңіл-күйім жақсы өте керемет!
СНХ: БАҒДАТ ЖҮКЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бәріне ризашылық білдіреміз. Ет, қаз, жұмыртқа – бәрі арзан. Өлең де айтып жатыр. Осы Жаңа жылдың алдында елімізге бейбітшілік тілеймін. Мен өзім міне, қаз алдым, арзанға. Өте қуаныштымын.
СНХ: АЙГҮЛ СӘБИТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жұмыртқа міне, арзан, 550 теңге. Май, сұйық май 5 литровый 3250теңге, Көңілім жақсы толып тұр. Рахмет бәріне, райондардан келіп сатып жатыр. Табиғи өнімдерді алуға өте жақсы, жаңа жылға қарсы, сүт, сары май арзан – 6 мың, ірімшік алдым 550 теңгеден,жақсы, картошка 150 теңге.
РКС: Жергілікті өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама да жәрмеңке алаңындағы көңіл күйді көтере түсті. Жалпы игі істің аясында 200 тоннадан астам өнім саудаланды. Сауда-саттық шарасы қала тұрғындарын қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын табады.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ