ДИКТОР: Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Көкшетауда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы облыстық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен «Ашық жүрек» қайырымдылық аукционы өтті. Шараға 20-ға жуық қолөнер шебері қатысып, өз туындыларын сауапты іске арнады. Аукцион медициналық шұғыл көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
РКС: Қайырымдылық шарасына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, еріктілер мен өнерпаздар – барлығы да ортақ мүдде жолында біріккен. Көрме алаңында жергілікті шеберлердің қолданбалы өнер туындылары қойылып, кейін аукционға шығарылды. Әрбір қатысушы өз мүмкіндігіне қарай үлес қосып, балаларға үміт сыйлауға атсалысты.
СНХ: ҰЛЖАЛҒАС ҚАРЫМСАҚОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Мен осындай шараларға жиі қатысамын. Осы «Ашық жүрек» шарасының өтіп жатқанына біз қуаныштымыз. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса біздің қалада өте жақсы болар еді. Кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтың жақсы өмір сүруіне, оның денсаулығының зор болуына үлесімізді қосып жатырмыз. Бұрынғы кезде мысалы ел болып, көмектесетін. Шара ұйымдастырмай-ақ өздері бір-бірімен көрші-көлем, туған-туыс боп, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп солай көмектесетінтұғын. Қолымнан шыққан нәрселерді осындай көмек қолын созуға әр уақытта дайынмын. Және заттарымды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, қазақтың ұлттық киімдерін, қазақтың төрт түлік малдарын тігіп, өз үлесімді қосып жатырмын.
РКС: Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл игі бастама талай отбасыға үміт сыйлап, балалардың сауығып кетуіне септігін тигізіп келеді.
СНХ: СВЕТЛАНА ЕХЛАКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бұл - ерекше маңызға ие шара. Мұқтаж жандарға шын жүректен қолдау көрсеткісі келетін жанашыр адамдар аз емес. Өмір болған соң, кез келген жан қиындыққа тап болуы мүмкін. Биылғы көрмеге 20-ға жуық қатысты. Көркемөнер, киім тігу, қолөнер, киіз басу сынды сан алуан бағыттарды қамтыған жұмыстардың барлығы дерлік табиғи материалдардан жасалған. Әр туынды – автордың жан жылуымен шыққан ерекше дүние. Бұған қоса, мұндай шаралар шеберлердің өз аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
СНХ: ГҮЛНҰР КӨПЕНОВА, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Ашық жүрек» шарасын бірнеше жыл қатарынан өткізіп келеміз. Бізге көп ата-ана хабарласады. Көкшетауда көмекке мұқтаж балалар аз емес. Бұл шарадан жиналған қаражатты медициналық шұғыл көмекті қажет ететін 3 балаға береміз.
РКС: Аукционға шығарылған шеберлердің қолөнер туындылары келген көрермендерді ерекше тәнті етті. Нәтижесінде 7 миллион теңге көлемінде қаржы жиналды. Бұл сома түгелдей балалардың еміне бағытталмақ. Ұйымдастырушылар келер жылы да жобаны кеңейтіп, қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізуге ниетті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ