ДИКТОР: Қазақ поэзиясында нәзік лиризмнің, сыршыл өлеңнің үздік үні болған ақындардың бірі – Еркеш Ибраhим. Ақынның туғанына 95 жыл толуына орай қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Жырлары Сарыарқаның самалындай» атты әдеби кеш өтті. Бұл шара «Туған өлке» жобасы аясында ұйымдастырылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Еркеш Ибраhим – жасынан өлеңге құмар, жүрегі жыр деп соққан ақын. Ол үшін бәрінен биік ұғым – туған жер еді. Ақын үшін Көкше өңірі жай ғана аймақ емес, жүрегінің жырына айналған, қиялына қанат бітірген шоқтығы биік мекен. Сол даланы жанындай жақсы көрді, ақ параққа төгілген өлең жолына арқау етті. Көкшенің көгілдір тауы мен мөлдір таза көлдері, самал желіндей жұмсақ естелік лебі оның шығармашылығының алтын өзегіне айналды.

СНХ: АЯН ҚАЖЫБАЙ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Ол кісінің өлеңдері де негізгі басым бөлігі өзінің туған топырағы, өзінің мысыр шаhары киелі Көкшетауға арналғаны белгілі. Бұл кісіден Көкшетаудың табиғатын, Көкшетаудың Сексен көлін, географиялық аймақтары, әспеттеп, көремдеп берген адамдар кемде-кем. Есесіне бұл кісінің біршама өлеңдері, поэмалары да бар. Оның ең негізгісі «Нан» деп аталады. Атақты Жақан Сыздықов атамыздың Әлі қарттың әңгімесінен кейінгі екінші бір ашаршылықты әшкерелеген, ашаршылықты репрессиялық ұлы, қатігез қасіиетті әспеттеп көрсеткен бір шығармасы осы «Нан» поэмасы деп айтар едік.

РКС: Арқаның қос қанаты – Көкше мен Қарағандыны қатар жырлаған ақынның шығармашылық әлемі кең тынысты, өр рухқа толы. Оның «Көкшетау көріністері», «Теміртау толғауы» секілді жыр жинақтарындағы тақырыптарда Көкшенің Оқжетпес сияқты келбетті жоталары, Қарқаралының қоңыр салқын таулары, Теміртаудың темірдей берік, қайсар болмысы көрініс табады.

СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Еркеш Ибраһимнің сөзіне, «Көкшем менің күздегі» деген сөзіне осыдан он шақты жыл бұрын ән шығарып осы Көкшеліктерге айтып жүремін. Сол бүгін міне сол әнді жас ұрпаққа, жастарға, студенттерге айтып, соның тарихын айтып жеткіземін деген ниетпен арнайы келіп қалдым.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Осындай рухани кештер үзілмей, ел ішінде жалғасын тауып отырса жыр арқылы жүрекпен сөйлеген ақынның сөзі өлмейді, жыры сөнбейді. Бүгінгі кеш – ақын рухына тағзым, жыр әлеміне жасалған сапар болды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ