ДИКТОР: Ақмола облысында 60 волонтёрлік ұйым тіркелген. Ал 3600-ден астам волонтер ерекше көмекке мұқтаж жандарға ақысыз қолдау көрсетіп келеді. Халықаралық волонтёрлер күніне орай, желтоқсанның 5-і күні Көкшетауда қоғамға өзінің жеке уақытын да, мейірімін де арнаған белсенді еріктілер құрметке бөленді.

РКС: Өңірдің ең белсенді еріктілері бір алаңға жиналған шарада жыл бойы ерекше еңбек етіп, қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан волонтёрлер марапатталды. «Жылдың үздік волонтёрі» атағы Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы Жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Даниял Жағұпарға бұйырды.

СНХ: ДАНИЯЛ ЖАҒҰПАР, ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ВОЛОНТЁРІ: Жалпы волонтерлік жолға 2 жыл бұрын, яғни 2023 жылы келген болатынмын. Әр түрлі ұйымдарда болып, волонтерлік қызметте болғанмын. Қазіргі таңда осы «Esbol Qory» жанындағы «Есірткісіз Ақмола» регионалды фронт-офисінің басшысы болып табыламын. Яғни, бұл ұйым нашақорлықтың профилактикасын жүргізетін ұйым деп есептеуге болады. Негізгі мақсаты – бұл нашақорлықтың проблемасын және осы мәселені бүкіл қоғам алдында ашу және әр түрлі рейдтерге және акцияларға шығу, және осы Қазақстанның статистикасын өзгертуге ат салысу деп есептеймін. Осы номинациям – менің 2 жылдай атқарып келген жұмысымның нәтижесі деп есептеуге болады.

РКС: Сондай-ақ, шарада еліміздегі «Қызыл Жарты ай» қоғамы волонтёрлерінің еңбегі ерекше атап өтілді. Ел аумағындағы ең ірі гуманитарлық ұйым төтенше жағдайларда жылдам көмек көрсетіп, қиын жағдайға тап болған адамдарға жанашырлық танытады. Сондай-ақ, еріктілер қоғамдық денсаулық саласындағы бастамаларды жүйелі түрде қолдап, қоғамға пайдасын тигізуде.

СНХ: ЕЛИЗАВЕТА КОВАЛЕВСКАЯ, «ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ» ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ВОЛОНТЕРІ: Мен осы ұйымның құрамында 2022 жылдан бері белсенді қызмет атқарып келемін. Біз түрлі ұйымдар үшін алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Біздің ұйымымыз кең ауқымды әрі халықаралық деңгейде танымал. Волонтёр – қоғамның дамуына өз үлесін қосатын адам. Оның үлесі кейде шағын көрінсе де, өте маңызды, өйткені біз барлық осал және көмекке мұқтаж адамдарға, халыққа жанашырлықпен қолдау көрсетеміз.

РКС: Қазақстанда волонтёрлік қозғалыс ерекше белсенді дамып келеді. Ел бойынша 300 мыңға жуық волонтер бар, олардың қатары жыл сайын көбеюде. Волонтерлер қоғам өмірінің сан түрлі саласында маңызды міндет атқарады. Төтенше жағдайлар кезінде көмекке келіп, іздестіру-құтқару шараларына қатысады. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған жандарға да гуманитарлық қолдау көрсетеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ