ДИКТОР: Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында көп жылдан бері қаңырап тұрған Мәдениет үйі жаңғыртылуда. Шамамен 30 жыл бойы жартылай қираған күйінде қалған ғимарат енді толық жөндеуден өтіп, келер жылы қайтадан халық игілігіне берілмек. Қазір мәдениет ошағында алғашқы күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қайта жаңарған нысан ауылдың мәдени тынысына тың серпін береді деген үміт бар. Атқарылып жатқан жұмыс барысымен біздің түсірілім тобы танысып қайтты.

РКС: Бұл Мәдениет үйі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Алғашқы жиырма жыл ауыл тұрғындарына қызмет көрсеткен нысан кейін ұзақ уақыт бойы қаңырап бос қалған еді. Бүгінде оның келбеті айтарлықтай өзгерген. Құрылысшылар терезе мен есіктерді түгел ауыстырып, су құбыры, кәріз және желдету жүйелерін жаңартты. Кіре берісі қайта қапталып, айналасы асфальтталды, сыртқы жарық шамдары орнатылды. Қазір нысанның ішінде әрлеудің соңғы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

СНХ: ЕРКЕН ЗАКАРИЯНОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бізде осы ақпан айында конкурс өтті. Жұмысты біз мамыр айында бастадық. Екі айда сыртқы ішкі жұмыстарын бәрін бітірдік. Енді жоба екі жылдық. Келер жылдың маусым айына дейін тапсыруымыз керек. Мұнда 30-40 адам жұмыс істейді.

РКС: Қазір құрылыс жұмыстарының шамамен 80 проценті орындалған. Келер жылы жөндеуді толық аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша 430 миллион теңге бөлінбек. Осылайша, алдағы жылдың соңына қарай ауыл тұрғындары үшін қызықты демалыс өткізуге арналған жаңа мәдени кеңістік пайда болады.

СНХ: ӘЛИ ЖАМАНБАЕВ, АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Жалпы қуаттылығы 149 адам зал болады, 12 үйірме болады, және спорттық нысан ішіне кіреді және теннис залы, дыбыс студиясы бар ішінде. Хореограф залы бар, сыртқы даладағы алаңында баскетбол, волейбол аланы бар және футбол алаңы бар. Қазір осы біздің Сабынды ауылдық округтың халық саны 1270 адамды құрайды. Оның ішінде жоспар бойынша 400 адамды осы мәдениет үйіне қамтиды, деп жоспарлап отырмыз.

РКС: Соңғы үш жыл ішінде өңірдегі мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде 12 мәдениет үйі салынса, тағы 62 нысан күрделі жөндеуден өткізілген. Жыл соңына дейін тағы 7 жоба бойынша күрделі жөндеу аяқталуы тиіс деген болжам бар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ