ДИКТОР: Әлемге танымал боксшы Рой Джонс Джуниор Щучинск қаласында жаңа ашылған «Бурабай» көпфункционалды спорт сарайының жұмысымен танысты. Онымен бірге Қазақстанның атақты боксшылары Нұржан Кәрімжанов пен Серік Сәпиев келді. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Жаңа спорт сарайы қарашаның аяғында қолданысқа берілді. Мұнда баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, үстел теннисі үйірмелері, сондай-ақ бассейн жұмыс істеп тұр. Спорт сарайы 235 адамды қабылдай алады.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жоспар бойынша бүгінгі шара аясында спорт сарайының жұмысымен таныстыру. Кейін боксшылар жастармен ашық жаттығу өткізіп, өздерінің бокс шеберлігін көрсетпек. Бурабай ауданында спортпен шұғылдануға, түрлі іс-шараларды өткізуге барлық жағдай жасалып отыр.

РКС: Атақты боксшыларды бурабайлықтар жылы қарсы алды. Жаңа спорт сарайына экскурсия өткізілді. Рой Джонс спорт кешенінің заманауи жабдықталуын жоғары бағалап, жас спортшылардың дайындығының өте жақсы екенін атап өтті. Бұдан кейін Рой Джонс пен Серік Сәпиев балғын боксшыларға шағын шеберлік сабағын өткізді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Шараның ең басты маңыздылығы – тәрбиелеп, балаларымызда мотивация болсын. Әр бала мен де сондай шыңға жетіп, Қазақстан туын әлемде көтеріп, үлкен жарыстарда чемпион болып, олимпиада, әлем чемпионаттарында. Жас спортшылардың болашағы әлі алда. Сол үшін осы шара осындай мағынада өткізіліп жатыр.

РКС: Бокстан халықаралық спорт шебері Серік Сәпиевтің айтуынша, елімізде әлем чемпиондары көп, ал отандық боксшылар тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ол Қазақстандағы бокс өте жоғары деңгейде екенін айтып, алдағы уақытта спортшыларымыз халықаралық жарыстарда алтын медальдарды еншілейтініне сенім білдірді.

СНХ: СЕРІК СӘПИЕВ, БОКСШЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ШЕБЕРІ: Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытып жатқанына өте ризамыз. Әлемге танымал боксшы Рой Джонс сынды чемпиондардың осында келуі – үлкен мәртебе. Осындай кездесулердің арқасында жалпы спорттың танымалдылығы артып, балалар да үлкен жетістіктерге жетуге ынталанады. Қазақстанда әрдайым мықты бокстық дәстүр қалыптасқан. Жуырда World Boxing халықаралық ұйымын Геннадий Головкин басқарды. Бұл елімізде бокстың дамуына қосымша тың серпін береді.

РКС: Кейін пресс-конференция ұйымдастырылды. Мұнда атақты боксшылар жас спортшылармен ашық сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев мұндай шараның жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Екі апта бұрын осы спорт нысанының ашылуында облыс әкімі осы кешеннің қабырғасында үлкен іс-шаралар мен спорттық шаралар өтетінін айтты. Міне, осындай құрамда арнайы балалармен, спортпен айналысып, спорттық әлеуетімізді дамытып жүрген өсіп келе жатқан ұрпақпен жүздесуге келдік.

РКС: Шара соңында Рой Джонс, Нұржан Кәрімжанов пен Серік Сәпиев балалармен естелік фотоға түсті. Бұл сәт балалар үшін ерекше әсер қалдырды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ