ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары талқыланды. Диқандар саланың өзекті мәселелерін ортаға салып, бірқатар ұсынысын жеткізді.
РКС: Биыл өңір диқандары 7,6 миллион тоннадан астам астық жинап, соңғы 13 жылда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мұндай нәтиже мемлекет тарапынан уақытылы көрсетілген қолдаудың арқасында мүмкін болды. Аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 250 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие алды. Оның 118 миллиард теңгесі «Кең дала» бағдарламасы арқылы бөлінді. Қаражатты тиімді пайдалану үшін диқандар несие қайтару мерзімін 18 айға дейін ұзартуды ұсынды.
СНХ: БЕКІМ ӘКІМОВ, «НҰР АЛИ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ /ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ/: Мемлекеттен көп қаржы бөлініп жатыр. Өте жақсы. Бірақ егер бізге мына ақшаны берсе әйтеуір біз қайтарамыз. Кепілдік қоямыз. Мойынмен жауап береміз. Шарттарға қол қоямыз. Осыны қараша айында емес, сәуір-маусым айына дейін созып берсеңіздер.
РКС: Мол өнімді сақтау бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір өңірде астық сақтау орындардың тапшылығы байқалады. Элеваторлар астыққа толы болғандықтан, шаруалар жиған өнімін төмен бағамен сатуға мәжбүр болуда. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер вице-министрден астық қоймаларының жетіспеушілігі мәселесін шешуді сұрады.
СНХ: АРТЕМ ЛЮБИМОВ, «БЕЛГОРОДСКОЕ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ /САНДЫҚТАУ АУДАНЫ/: Элеваторлар толық. Астықты өткізе алмай, кезекте тұрамыз. Бидай бүлініп жатыр. Сатып алушылар келіп, 50 теңгеден аламын десе, диқандар амалсыздан келіседі. Элеваторлар салуға арналған бағдарлама ұйымдастырылса деймін.
РКС: Ермек Кенжеханұлы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес элеваторларды дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айтты. Ол өнімді сақтаудың сапасын арттыруға, сондай-ақ астықты қабылдау, сақтау және жөнелту жүйесін жаңғыртуға бағытталған.
СНХ: ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Біз осы бағытта жаңа, әрі арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Бұл бағдарламаның мақсаты – жаңадан элеваторлар құрылыстарын ұйымдастыру, заман талаптарына сәйкес ұйымдастыру, тиісті электрондық оны тіркеу мәселелері осы бағдарламаның аясында шешілетін болады. Жалпы бүгінгі таңда астық сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Алдағы уақытта қосымша 1-2 млн тоннаға жаңа құрлылыстар ұйымдастыру бойынша жаңа ұсыныстар түсіп жатыр.
РКС: Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері де талқыланды. Бүгінде аймақта жасанды интеллектті қолданудың пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында 28 аграрлы шаруашылық толық цифрландырылған.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.