ДИКТОР: Көкшетауда муай-тайдан қалалық ашық чемпионат өтті. Спорттық дода Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. Кіл мықтылар бас қосқан жарыстың мән-жайын тілшіміз Жанар Мұқышева баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Муай-тай-жекпе-жектің бір түрі. Ол елімізге 1998 жылы келген екен. Содан бері қарқынды дамып, жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Ал бүгінгі спортық додаға 8-23 жас аралығындағы 50-ге жуық жас спортшы қатысты.
СНХ: БЕКЕТ ЕЛУБАЙ, ҚАТЫСУШЫ: Бұл спортқа келуіме досым себеп болды, оған қарап менің де бұл спорттың түріне қызуғышылығым оянды. Содан бері маған қатты ұнап қалды. Тай боксымен айналысып жүргеніме 6–7 ай болды. Ал бүгінгі қарсыласым өте мықты, қол соққылары да нық болды. Дегенмен, сабыр сақтап, өз мүмкіндігімді дәл пайдаланып, ұпай басымдығымен жеңіске жеттім.
РКС: Ал өз салмағында сынға түскен Ерсайын Нұрсайын жекпе-жек алаңында ерекше көзге түсті. Муай-таймен айналысып жүргеніне небәрі бір жыл болса да, болашағынан зор үміт күттіретін спортшының мақсаты асқақ, жеңіске деген жігері де мол.
СНХ: ЕРСАЙЫН НҰРСАЙЫН, ҚАТЫСУШЫ: Бүгінгі жекпе-жек ойдағыдай өтті, өзіме де қатты ұнады. Жаттықтырушым Штанников Владимир Геннадьевич үйреткен әрбір тәсілді дәл қолданып, бар күшімді салдым. Бұл турнирге шамамен екі ай бойы тыңғылықты дайындалып, барымды беріп жаттықтым. Енді алда — наурызда өтетін облыстық жарыста бағымды сынаймын. Алдағы жоспарым 3-ші разрядты алып, кейін шеберлігімді шыңдай отырып, спорт шеберінің кандидаты дәрежесін алғым келеді.
РКС: Муай-тайда соққы техникасы қол, шынтақ және тізенің көмегімен орындалатын бірнеше элементтен тұрады. Төрешілердің айтуынша, чемпионатқа келген қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келген.
СНХ:ТИМУР ЦОКОВ, ТАЙ БОКСЫНАН ОБЛЫСТЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: Федерация жас болғанымен, бұл спорт түрі - өзінің ерекше қуатты соққы техникасымен ерекшеленеді. Сол себепті біз оны Көкшетауда дамытуға үлкен мән бердік. Бұл спорт түрі қаттылығы жағынан ең күрделілердің бірі, бірақ жаттығулар мен жарыстар әрқашан жүйелі, нақты және тәртіпке сай өтеді.
РКС: Тартысқа толы жекпе-жектің қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталды. Көзге түскен жастарды алда облыстық және республикалық деңгейдегі бәсекелер күтіп тұр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ