ДИКТОР: Көкшетауда жасы 80-ге таяған қариялар атпен серуендеп, әсем табиғат аясында таза ауамен тыныстайды. Облыс орталығындағы белсенді ұзақ өмір орталығы жанынан ашылған ат серуені үйірмесіне қатысушылар саны өте көп.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бүркітбай Махметов Үкілі Ыбырай ауылының тумасы. Бала кезінен атқұмар болып өскен ол, республикалық, облыстық жарыстардың талай рет жеңімпазы атанған. Кейін Көкшетауға қоныс аударады. Жастық шақтың жарқын күндерін сағынған қария ат серуені туралы естіген сәтте бірден ықыласы ауады.

СНХ: БҮРКІТБАЙ МАХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ат серуені басталады дегеннен бірінші жазылған адаммын. Жас кезімде ат құлағында ойнағам. Жасым 75-те. Мынау Көгілдір Көкшенің табиғатында жүргеннің өзі ғажап, тыныстайсың, ағаш қарағай, қайың терек, ауасы демді ашады. Мен өзім фитнеске барам хореографияға барам, каратэге барам. Осылай клубтың арқасында қаншама міне денеміз шынығып, жас күнімізге жетпесе де соған ұқсап жүрміз.

РКС: Көкшетаудағы «Арғымақ» ат клубы белсенді ұзақ өмір орталығы басшылығының ұсынысын бірден қабылдап, қариялардың сергіп қайтуына жағдай жасап отыр. Қарттар табиғатқа жиі шығады. Клубтың нұсқаушысы ақсақалдармен бірге еріп жүреді.

СНХ: ЕРКЕН ЖАҚЫПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Алдымыз 70-те, артымыз 80-ге келіп қалдық. Соның өзінде аттың үстінде отырамыз. Ақсақалдар серуендеп аттың үстінде жүрсін дейді. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай жүрген жер бұл. Жылқы жылы кірейін деп жатыр. Міне биші қайың, Көкше қарағай, соның арқасында ақсақалдар серуендеп қайтамыз. Өзіміз кешке қайтқанда әжептәуір тынығып, бір бірімізбен әңгімелесіп, өткен кеткендердің барлығын айтып жатамыз.

СНХ: ТЕМІРБОЛАТ ЖҮСІПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз сол Совет Үкіметінен бастап жұмыс істедік қой. Бір тоқтаған жоқпыз, бізде жексенбі де сенбі де болған жоқ. Таңатпай сол шаруамен жүрдік. Алланың бергені міне сол қызығын көріп жатырмыз. Президенттен бастап сіздерге барлықтарыңызға рахмет, осындай үлкен нәрсе ашып жатқан. Басқа жерде жоқ мұндай, көп рахмет акиматына бәріне де.

РКС: Ат серуені жасы үлкен кісілердің денсаулығын нығайтуға өте пайдалы,-дейді орталық мамандары. Бел, аяқ, қолдың бұлшық еттері шынығып, ас қорыту, тыныс алу жүйелері жақсарады. Орталық бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра бермек.