ДИКТОР: Абылай хан – Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Ол – қоғам қайраткері, дана қолбасшы және білікті дипломат. Арғы тегі – Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайды. Ал бергі бабалары – Қазақ даласының негізін қалаған Әз-Жәнібек, Еңсегей бойлы Ер Есім, Салқам Жәңгір сынды даңқты тұлғалар. Ұлы ханның ел үшін жасаған ерліктерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Көкшетаудағы №20 мектеп-гимназиясында зерттеуші, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының «Абылай ханның қара жолы» атты кітабының таныстырылымы өтті.

РКС: Шара аясында 2018 жылы Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен ұйымдастырылған «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты кең көлемді экспедиция жөніндегі деректі фильм көрсетілді. Айта кетейік, халықаралық мәдени-рухани сапар барысында экспедиция мүшелері 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, еліміз бойынша 24 қала мен жүздеген елді мекенді аралаған. Олар Абылай ханның ізі қалған тарихи және киелі орындарды зерттеп, бұрын беймәлім тың деректер жинақтады. Сол мәліметтердің негізінде бұл тарихи сапар қағаз бетіне түсіп, кейін кітап болып жарық көрді.

СНХ: ГҮЛДАРАЙ КИРКАЕВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Жан-жақты ашылған бұл экспедиция біздің оқушыларға өте көп үлкен ақпарат берді, тың ақпаратты. Мысалы біз тарихтағы жағында әр нысананы бір жағынан танысақ, бүгінгі экспедицияда басқа жағынан таныдық және біздің оқушылардың арасында бұл экспедиция туралы конференция үлкен қызығушылық танытты. Оқушылардың көздері жанып, Мұрат қажы Ыдырысұлына экспедициясы жайлы тың мәліметтермен бөлісіп ақпаратпен, оқушыларға тарихи тұлғаларды тану жағынан қызығушылық танытқаны үшін мен үлкен ризашылығымды білдіремін.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Тарихқа деген қызығушылықтарын оятқан бұл кездесуде оқушылар көкейлеріндегі сан түрлі сауалды қойып, өздерін толғандырған жайттарға жан-жақты жауап алды. Рухани мәні терең басқосудан ерекше шабыт алған жастар мұндай шаралар өткенге деген құрметті арттырып, тарихи сананы қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

СНХ: АЗАМАТ ҚАДЫРБЕК, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мен өзі жалпы ҰБТ бойынша жалпы тарих пәнін таңдап жатырмын. Маған осы бүгінгі конференция өте маңызды ақпараттар, мағлұматтар берілген болатын. Қазақ хандары Кенесары, Абылай хандар, қазақ хандығын құрған хандар осы біздің конференцияда өте көп ақпараттар айтылды.

СНХ: ӘДІЛХАН ЖОЛДАҢҒАР, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Біз қазір ғана Мұрат Ыдырысұлының конференциясынан шықтық. Мұрат Ыдырысұлының бес экспедициясы туралы білдік. Бірінші төрт экспедициясы Қазақстан аумағында болды. Одан кейінгі соңғы бесінші экспедициясы Ресейде, Моңғолия елдерінде өтті. Бізге бүгінгі конференция ұнады.

РКС: Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, елін сүйетін, рухани толысқан тұлға болып жетілуіне жол ашады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ