ДИКТОР: Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Жарқайың ауданына қарасты Пятигорское ауылында дәрігерлік жаңа амбулатория ашылды. Бұл игі іс «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы негізінде қолға алынды. Жоба ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.
РКС: Жаңа амбулатория 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсетуге әзір. Оған қоса жақын маңдағы 6 елді мекеннің тұрғындары да қажетті ем-домды осы жерден ала алады. Жаңа құрылғылармен жабдықталған медициналық мекеме бір ауысымда 30-ға жуық пациентті қабылдауға қауқарлы. Оған қоса 5 жатын орынға шақталған күндізгі стационар да іске қосылмақ. Ауыл адамдарына медициналық көмекті «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас мамандар көрсетеді.
СНХ: МАРИЯ ТАШЕТОВА, ЖАС МАМАН: Қыркүйек айында Жарқайың аудандық ауруханасына жұмысқа орналастым. Алғашқы кәсіби тәжірибемді дәл осы ауданда бастадым. Қазір Пятигорское ауылындағы амбулаторияны жетекшілігіме алдым. Менің учаскемде 1800-ден астам адам тұрады, оның 450-і бала, 1300-ден астамы ересек, 9 жүкті әйел, 175 адам есепте тұр және мүгедектігі бар 65 тұрғын бар. Халықпен жұмыс істеу мен үшін аса маңызды. Өйткені мұнда тұрғындарға медициналық көмекті олардың тұрғылықты жеріне барынша жақын жерде көрсетуге мүмкіндік бар.
СНХ: ЖАҢБЫРШЫ МҰХАМЕДҚАЛИЕВ, ПЯТИГОРСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұрын ескі ФАП болды. Ескі, ешқандай жағдай болмаған дәрігерлерге. Осыған біз қуанып жатырмыз. Дәрігерлер келді 2 маман. Ауылда 88 ардагер тұрып жатыр. Ең үлкені 96-ға, 90-ға келген кісілер. Ауданға баратын жағдайлары жоқ. Ауылда болса, мына дәрігерлер көмек жасаса бізде қуанышты болатын едік.
РКС: Аудан бойынша 4 амбулатория, 15 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пунк пен 1 аудандық аурухана жұмыс істеп тұр. Жоғары білікті 34 дәрігер мен 140-тан астам медициналық қызметкер тұрғындарға қызмет көрсетеді. Биыл аудандық аурухананың дәрігерлік құрамы жас мамандармен толықты.
СНХ: БЕКЖІГІТ СӘРСЕНОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 7 жаңа маман қосылды. Атап өтетін болсақ ота жасайтын акушер-гинеколог, Түркия елінде білім арттырған хирург, одан бөлек анестезиолог-реаниматолог, офтальмолог, педиатр және 2 жалпы тәжіребиелік дәрігер. Мұндай мамандардың келуі медициналық көмектің көлемін едәуір кеңейтуге және оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Астана қаласынан білікті хирургпен бірлесіп, бұрын тұрғындарға қолжетімсіз болған гинекалогиялық және хирургиялық оталарды жүргізе бастадық. Барлық операциялар заманауи эндохирургия технологияларын қолдана отырып жасалып жатыр.
РКС:Ауданға келген ақ халаттылар аурухананың тұрғын үй қорынан берілген пәтерлермен қамтылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және біржолғы әлеуметтік қолдау ретінде облыстық бюджеттен 5 млн теңге қаржы берілді. Аймақтағы дәрігерлер тапшылығын азайту мақсатында медициналық жоғары оқу орындарында аудандық бюджет есебінен 5 студент білім алып жатыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ