ДИКТОР: Көкшетаулық кәсіпкер Ғалия Алдабергенова 20 жылдан астам ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысып келеді. Шағын кәсіпорын ашып, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрқайсысы өз ісінің кәсіби маманы. Ғалия Алдабергенова тек қана қолөнер шебері ғана емес, сонымен қатар аяулы жар, көпбалалы ана.
РКС: Қолөнер шебері, дизайнер Ғалия Алдабергенова тігіншілікке құмарлығын бүгінде кәсіпке айналдырып, ісін дөңгелетіп отыр. Жеті баланың анасы жұбайымен бірге шағын кәсіпорын ашты. Онда тігіншілер кез келген киім түрін тігіп, матаның барлық түрімен жұмыс істейді. Ғалия Алдабергенованың тігінші болуы да бекерден бекер емес. Әжесі кәсіби тігінші. Ал анасы мен көршілері үлкен қолдау көрсеткен.
СНХ: ҒАЛИЯ АЛДАБЕРГЕНОВА, ТІГІНШІ: 13 жасымда өзімнің сыртқы келбетіме ерекше мән бере бастадым. Сол уақытта өз қолымнан ерекше дүние жасап шығарғым келді. Анам мені әрқашан, әр жерде қолдап жүрді. Ал, әжем кәсіби тігінші болды. Әжемнің тігін мәшинасы, өрнектері, қайшылары, түрлі-түсті маталар. Мұның бәрі қолжетімді жерде тұратын. Сондықтан, жасөспірім жасымнан-ақ тігінмен айналасуға толық мүмкіндік болды. Өз қолыммен әдемі, ерекше киімді тігіп, оны кию мені тігінші ретінде қалыптастарды.
РКС: Мектепті бітіргеннен кейін Ғалия Алдабергенова бірден "Әйелдер мен балалардың жеңіл киімдерін тігу" мамандығы бойынша оқуға түсті. Дегенмен, ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. "Киім дизайны және технологиясы" мамандығы бойынша Алматы қаласындағы технологиялық университетіне сырттай оқуға түсті. Бүгінде оның өз кәсіпорны бар. Онда көп жылдық тәжірибесі бар тігіншілер күн сайын түрлі күрделі тапсырыс қабылдап, бар жұмысты бірге жүріп аяқтайды.
СНХ: ӘСЕМГҮЛ ҚАЛИХАЙДАРОВА, КИІМ ПІШУШІ: Ғалия Серікқызы өте мейірімді, жанашыр. Әрқашан қол ұшын созып, көмектесуге дайын. Адамдар жұмыс сұрап келгенде, ешкімнің бетін қайтармай жұмыс тауып береді. Біздің команда тату-тәтті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, дереу тапсырысты тігу керек болса, барлығы бірлесіп жұмыс істейді.
РКС: Ғалия Алдабергенова көпке үлгі. Оның еңбекқорлығы мен қажырлы еңбегі кез келген нәрсеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп келеді. Ол кәсіпкер және "Алтын алқа" иегері. Бүгінгі жетістікке отбасы қолдауының арқасында қол жеткізгенін үнемі айтып жүреді.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ