ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов шаһардағы бірнеше маңызды нысанның жұмысымен танысты. Оның ішінде «KOKSHE INDUSTRY» индустриалдық аймағы бар. Мұнда 2026-2028 жылдары 8 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Оның бірі жаңа кірпіш зауыты. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Қаңтар айында шаһарда жалпы аумағы 600 гектар болатын «KOKSHE INDUSTRY» индустриалдық аймағы пайда болды. Қазір бұл жерде жаңа кірпіш зауыты салынып жатыр. Бүгінде жобаның 70 проценті аяқталды. Инвестиция көлемі 13,7 миллиард теңге. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазір су құбырлары мен кәріз желілерін тартуға қатысты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, индустриялдық аймаққа 22 миллиард теңге инвестиция тартылғаннан кейін, қалалық бюджет жыл сайын 15 миллиард теңгеге толығып, 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

СНХ: ЕСІМХАН БАЙҒАБЫЛОВ, КІРПІШ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл зауыттың ерекшелігі негізі бүкіл тартылатын шикізатымыз бәрі осы облысымызда орналасқан. Лицензия алынды. Екі лицензиямыз бар. Тағы екеу аламыз, кен орындарын өндіру үшін. Содан кейін осы жерде кез келген облицовочный кірпіш шығарылады. Облицовочный дейміз, керамикалық кірпіштерді шығаруға болады. Бұл зауыттың артықышылығы қазір еуропада блокпен салынып жатқан үйлер бар. Бұл зауыттың артықшылығы оны блокпен де шығаруға болады.

РКС: Облыс әкімі мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. Өз кірпішін өндірудің арқасында болашақ құрылыс жобаларының өзіндік құны төмендеп, жалақы деңгейі мен бюджетке түсетін қаражаты арта түспек.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір өзіміз дамуға бастамашы болуымыз керек. Әлеуметтік жобаларға, білім мен медицина салаларына белгілі бір трансферттер түседі. Ал тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – өз қолымызда. Сондықтан бүгін өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз. Қаланың даму жөніндегі бас жоспары бекітіледі. Бүгінде барлық жобалар өзара үйлесімді жүргізіліп жатыр. Жылу-электр орталығының құрылысы да қолға алынды – ол қосымша қуат беріп, қаланың дамуына жаңа серпін береді.

РКС: Айта кетейік, жаңа зауыт жылына шамамен 60 миллион дана қалыңдатылған және 40 миллион дана бір өлшемді кірпіш шығаруды жоспарлап отыр. Өңірде төрт индустриялық аймақ құрылған. Олардың бірі республикалық маңызы бар Аршалы ауданында, ал қалған үшеуі аймақтық сипатқа ие - «KOKSHE INDUSTRY» Көкшетауда, «Агрохаб» және «Қоянды» Целиноград ауданындарда орналасқан.

СНХ: БАҚЫТЖАН САПАР, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «AQMOLA» республикалық индустриялық аймағы аясында бірінші зауыттың құрылысы басталды. Бұл – астықты терең өңдейтін ерекше зауыт, себебі елімізде осындай кәсіпорындар әлі жоқ. Зауыт глутамат натрий сияқты органикалық тағам қоспаларын шығарады және глюкозаланған сиропты қайта өңдеумен айналысады. Екінші терең өңдеу нысаны лимон қышқылы мен лизин өнімдерін өндіреді. Бұл бірегей жобалар елімізді аграрлық потенциалы жоғары мемлекет ретінде танытуға мүмкіндік береді.

РКС: Бұдан кейін аймақ басшысы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Қазір мұнда купаж цехын салу жұмыстары жүргізілуде. Инвестиция құны 1 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарына шамамен 40 адам жұмылдырылған, ал цех іске қосылғаннан кейін тағы 30 жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ