ДИКТОР: Бүгін – халықаралық мүгедектер күні. Осыған орай Көкшетауда арнайы дөңгелек үстел өтті. Жиынға аудан және қала әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесуде атқарылған жұмыстың нәтижелері талқыланып, алдағы жоспарлар пысықталды.

РКС: Аймақта мүгедектердің мәселелерімен айналысатын штаттан тыс кеңесшілер жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, түсіндіру және құқықтық қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, Ерейментау ауданында 800-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар көбіне құқықтық кеңес пен әлеуметтік көмек алу үшін жүгінеді.

СНХ: ӘДЕБИЕТ МАХАНОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ: Бізде жұма сайын «АМАНАТ» партиясында және аудан әкімде азаматтар қабылдау күні болады. Соған қатысып, сонда кейбір сұрақтар көтеріп. Содан, аудан әкімі бар және де өзіміздің демеушілер бар. Бізге ауданға Инватакси өте қажет. Сол сұрақпен мәселені көтерейік деп. Және де денсаулыққа, өте маңызды. Сондай біздің ауданда поликлиникамен мобильдық топ құрып, ішінде кезекші дәрігер бар. Және де психолог бар. 1-ші топтағы мүгедектердіғң үйлерді аралап, сол жұмыс. Үй жағдайын қарап, денсаулықтарын.

РКС: Кеңесшілер мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, аймақта 28 мыңнан астам ерекше жан бар.

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қаржыландыру көлемі соңғы жылдары айтарлықтай артты: 2021 жылы 1 млрд теңге болса, 2025 жылы 1,7 млрд теңгеге жетті. Мүгедектігі бар азаматтардың 95 проценті жеке абилитация және реабилитация бағдарламалары аясында қызмет алады. Бұған протездік-ортопедиялық көмектер, сурдо және тифлоқызметтер кіреді. Бүгін көтерілген барлық мәселелерді аймақтардағы әкімдердің кеңесшілерімен бірлесіп, нақты бағытта шешуіміз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз.

РКС: Кездесу соңында ерекше белсенділігімен көзге түскен азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында «KOKSHE» телеарнасының сурдоаудармашысы, облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның сурдо маманы Любовь Сенченко, сондай-ақ арнайы ұйымдардың жетекшілері мен аудан әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері бар.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ