ДИКТОР: Көкшетау жоғары техникалық колледжінде «Бүгін мен студентпін» атты шара өтті. Бағдарлама аясында Красный Ярдағы 1-ші мектептің 9-шы сынып оқушылары колледжге келіп, инженерлік-техникалық және жұмысшы мамандықтармен танысты. Аталған шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

РКС: Колледжде 2 мыңнан астам студент техникалық және кәсіптік бағыттағы мамандықтар бойынша білім алуда. Мұнда дәнекерлеу ісі, автомобиль электр жабдықтарын жөндеу, электрлік қызмет көрсету, техник-механик, өндірістік оқыту шебері сынды сұранысқа ие мамандықтар даярланады. Сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, мамандығын терең меңгерген және кәсіби өсуге дайын мамандар қалыптастырылады.

СНХ: БАУЫРЖАН ЫБЫРАЕВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Биыл жұмысшы мамандық жылы сонымен біздің жастарымызды, оқушыларымызды экономикаға керек, сұранысты осындай мамандықтарға оқысын деп, сондай мамандық алсын деп біз осындай жұмыс атқарып отырмыз.

РКС: Колледж түлектерінің бірі – Роман Мехтиев. Қазір ол роботтандырылған және лазерлік дәнекерлеуді оқыту шебері. Роман Мехтиев колледждің ультразаманауи технологиялық жабдықтары мен материалдық-техникалық базасы жұмыс процесін жеңіл әрі ыңғайлы етеді,-дейді.

РКС: РОМАН МЕХТИЕВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Біздің шеберханада студенттер болашақта ірі кәсіпорындарда жұмысын айтарлықтай жеңілдететін білім алады. Осындай немесе соған ұқсас, көлемі үлкендеу немесе кішірек жабдықтарды Volkswagen, Audi, BMW, Mercedes сынды автокөліктерді жасау үшін пайдаланады. Студенттерде қиындықтар туындай қоймайды, өйткені мұнда аса ауыр ештеңе жоқ. Басқару жүйесі студенттерге және қазіргі заманның буынына өте түсінікті. Негізінен, осы жабдық бойынша оқыту шамамен екі-үш аптаға созылады. Бұл уақыт толық басқаруды, бағдарламалауды, баптауды, дәнекерлеуді және тағы басқа қажет бөлімдерді қамтиды.

РКС: Оқушылар колледжбен танысып, зертханалар мен шеберханаларды аралап, тәжірибелік сабақтарға қатысты. Ұлдар робототехника, лазерлік дәнекерлеу, электромобильдерді диагностикалау және кузов жөндеу бойынша бастапқы дағдыларды меңгерді. Қыздар тігін өндірісі мен киім үлгілеу шеберханасында жұмыс істеп, тігін бұйымдарын жобалау мен дайындаудың алғашқы дағдыларын игерді.

СНХ: ТОМИРИС НАҒАШЫБАЙ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ № 1 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Осындай мүмкіндік берген колледж басшылығына ризашылығымды жеткізгім келеді. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгін алған білімімді болашақ мамандығымды таңдауда қолданамын. Іс-шара барысында біз тігін тігуді үйрендік, өндірістік оқыту шебері барлық қадамды рет-ретімен көрсетті. Мен өзім де тігін ісін үйреніп жүрмін, қолымнан жақсы келеді.

РКС: Жасөспірімдер өздері үшін жаңа саламен танысты. Шара оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беріп, техникалық білімнің маңызын айқындады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ