ДИКТОР: «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Ақмола облысының бірнеше ауданындағы елдімекенде құқық кабинеттері жұмысын бастады. Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылдық округінде былтыр ашылған. Аталған кабинет тұрғындарға қолжетімді заңдық тұрғыда кеңес беру, халықтың құқықтық сауатын арттыру және түрлі заңнамаға қатысты мәселелерді шешуге көмектесетін арнайы орталық. Тұрғындардың құқықтық ақпарат пен заң консультацияларын тегін алу мүмкіндігі басты назарда.

РКС: Кенесары ауылдық округіне қарайтын 3 елдімекенде 2 мыңнан астам адам тұрады. Мамандар күніне 2-7 азамат құқықтық көмек алуға келетінін айтады. Бұрын округ тұрғындары әлдебір мәселеге қатысты Көкшетауға сабылатын. Қазір олар керекті ақпарат пен анықтаманы ауылдан ұзап шықпай-ақ ала алады. Мұнда азаматтар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және мәселелерін шешу үшін e-Otinish, eGov порталдарын пайдаланады.

СНХ: АҚЖАРҚЫН ҚАНЖЫҒАЛИНА, КЕНЕСАРЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ: Біздің округте толығымен жабдықталған құқық кабинеті. Картридер бар, принтер, ноутбук бар. Азаматтар өздеріне керек ақпаратты тегін алады. Ең көп қызмет алу түрлері электронды цифрлы қолтаңбаны қашықтан алу, соттылықтың болмауы туралы, зейнетақылардың аударымдары туралы, жылжымалы мүліктің болуы болмауы туралы қызметтер көп алынады. Құқық кабинетін ашу әсіресе ауылдық жерлерде өте орынды және уақытылы деп есептеймін.

СНХ: ЗАРИНА САҒИТОВА, КЕНЕСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Анықтама алу үшін жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгіндім. Өте ыңғайлы. Бір апта бұрын электронды цифрлы қолтаңбаны жаңартуға келген едім. Бұрын қиын болатын, Щучинскке баратынбыз. Кабинет түрлі анықтама алу үшін барлық заманауи технологиялармен жабдықталған.

РКС: Егіндікөл ауданына қарасты Ұзынкөл селолық округінде де мұндай кабинет жасақталған. Бұл жерде де тұрғындар құқықтық салаға қатысты барлық қажетті ақпаратты ала алады.

СНХ: ЖАНАР МҰСАБАЕВА, ҰЗЫНКӨЛ СЕЛОЛЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Кабинет eGov.kz өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының базасында жұмыс істеп тұр. Компьютермен, принтермен, телефонмен және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне қолжетімді веб-камерамен толық жабдықталған.

РКС: Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары аталған қызметтерге уақытша қол жеткізе алмай отыр. Бұған жергілікті әкімдік ғимаратындағы жөндеу жұмыстары кедергі келтіруде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес алу мүмкіндігі қайтадан қолжетімді болмақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ