ДИКТОР: Көкшетауда жемазық өндіретін зауыт іске қосылды. Жоба құны 5 миллиард теңге. Төрт түлік мал мен құстарға сапалы жемазық шығаратын зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Бүгінде кәсіпорын өңірдегі шаруашылықтарды жоғары сапалы өніммен қамтып отыр.
РКС: 3 гектардан астам аумақты алып жатқан зауытта астық қабылдау пункті, дәнді дақылдарды кептіру және сақтау орындары, зертхана бар. Зауыт Дания елінің сапалы әрі автоматтандырылған құрылғыларымен жабдықталған. Бұл жұмысшылардың жұмысын жеңілдетеді әрі жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазір зауыт сағатына 18, тәулігіне 120 тоннадан астам түйіршіктелген дайын өнім шығарады. Олар түйіршік түрінде 5 келі мен 100 келі салмақтағы қапшықтарға қапталады.
СНХ: РУСЛАН КӘКЕНОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ: Біз Көкшетау аумағында ғана емес, еліміз бойынша нарықта өз орнымызды табамыз деген нық сенім бар. Алға қойған мақсаттамыз өнімді экспортқа шығару. Алдымен Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстанға жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Ал қазір басты міндетіміз ішкі нарықты қамтамасыз етіп, тұтынушылардың сенімін толық ақтау.
РКС: Жоғары өнімге қол жеткізу үшін сапалы майбұршақ пен жүгері арнайы Оңтүстік өңірден әкелінеді. Ал қалған майлы дақылдар мен астықты кәсіпорын өздері егіп, өсіреді. Бұл нарықтағы қолайлы бағаны ұстап тұруға таптырмас мүмкіндік. Жемазық дайындауға қажетті дәнді дақыл алдымен зертханалық тексерістен өтеді.
СНХ: БАҒИЛА ӘБІШЕВА, ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл жерде шикізаттың сапалық көрсеткіштері анықталады. Әрі қарай тазалау, кептіру немесе өндіріске жіберу жөнінде шешім қабылданады. Зертхана жемазық пен жемдік қоспаларды өндірудің барлық кезеңдерінде сапаны қадағалайды. Астықтың кәсіпорынға қабылдану сәтінен бастап дайын өнімнің шығарылуына дейін өндірістің толық циклі қамтылады.
РКС: Зауыт әлемдік деңгейде өзін-өзі дәлелдеген компаниялармен тәжірибе алмасып өндіріс жұмысын шыңдай түсуде. Мысалы мал шаруашылығына арналған витаминдік қоспаларды, концентраттар мен премикстерді әлемдегі ең ірі жеткізушілердің бірі саналатын голландиялық компаниямен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын болашақта отандық өнімді әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа кәсіпорынның іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қуаттылығы мен сапа тұрғысынан өзге өндірістерден кем түспейді. Сапалы құрама жемді аймақтағы шаруашылықтар жоғары бағалап отыр. Айта кетейік, зауыт 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ