ДИКТОР: Көкшетаудағы жаңартылған вокзал жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Ақмола облысында теміржол станцияларын ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Жобаға сәйкес аймақтың бірнеше нысаны қамтылған. Ондағы басты мақсат – жолаушылар үшін қызмет көрсету сапасын арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту. Бұл жұмысқа 400-ге тарта маман мен 30 техника жұмылдырылған. Көкшетаудағы жобаның жүзеге асырылу барысы туралы тілшіміз Оксана Зинченко баяндайды.

РКС: Вокзал толығымен жаңартылу үстінде. Кіре берісінен бастап шатыры да ауыстырылуда. Күту залының, кассалық аймақ пен санитарлық бөлмелердің интерьерлері жаңғыртылуда. Қолжетімділікке де баса назар аударылуда. Станцияларда қозғалысы қиын жандарға арнайы жабдықтар орнатылып жатыр. Қауіпсіздікті күшейтуге қатысты шаралар да қатар жүргізілуде. Бейнебақылау және хабарландырудың жаңа жүйелері орнатылады. Вокзалға жапсарлас аумақ та абаттандырылуда. Заманауи шамдар, түрлі кіші сәулет пішіндер орнатылып, көлік тұрағына арналған ыңғайлы аймақ та пайда болуда. Теміржол вокзалын жаңғыртуға қатысты демонтаж жұмыстары маусымның 2-де басталған. Жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Нысандағы жұмыстарға 137 маман тартылған. 4 теңхника да жұмыс істеп жатыр.

СНХ: СӘТБЕК БАЙСТЕНОВ, УЧАСТКЕ БАСТЫҒЫ: Инженерлік желілер, су құбыры, кәріз, жылу жүйесін монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ішкі және әрлеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жобаны желтоқсанның 31-не дейін аяқтауымыз керек. Нысанды уақытылы тапсырамыз.

РКС: Нысандардағы мердігер ұйымдарды жергілікті билік анықтап, өңірлік компаниялар ұсынған. Барлық жұмысты «“Қазақстан темір жолы”» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қаржыландырып отыр. Нысан кураторы Көкшетаудағы алаңда күн сайын авторлық және техникалық бақылау жүргізілетінін атап өтті. Олардың тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы мен сапасы тексеріледі.

СНХ: ЕРМЕК ҚАРАҒАЕВ, НЫСАННЫҢ КУРАТОРЫ: Жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін бұл жобада вокзал ғимаратынан арал іспеттес перронға шығу қарастырылған. Вокзал ғимаратының ішінде эскалаторлар орналастырылады. Бұл да жолаушылардың жайлылығы үшін жасалып отыр. Барлық жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Сапасына да жауап береміз.

РКС: Жоба аяқталса, аймақтың теміржол вокзалдары біршама жаңарып қалады. Екіншіден, мыңдаған жолаушыға жайлылықпен қатар көрсетілетін қызметтің деңгейі де артады. Ауқымды жаңғырту облыстың маңызды станцияларының бәрінде жалғасады. Айта кетейік, Бұланды ауданының орталығындағы Макинск станциясындағы жұмыс толығымен аяқталды. Осылайша жаңартылған инфрақұрылымның үлгісіне айналып отыр.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ