ДИКТОР: Ақмола облысы курортты аймағы көп өңір. Сондықтан әсем табиғатты тамашалауға келушілердің көп болатыны да заңдылық. Көрікті жерлердің тарихымен таныстыру гид-экскурсоводтарға жүктелетін міндет. Сондықтан олардың біліктілігін жетілдіріп отыру маңызды. Осы орайда Бурабай баурайында гид-экскурсоводтарға арналған ауқымды үш күндік оқыту семинары басталды. Үш күн бойы сала мамандары кәсіби шеберліктерін шыңдап, заманауи әдістемелерді меңгермек. Сонымен қатар Бурабай курортының жаңартылған туристік нысандарымен танысып, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған жаңашылдықтарды талқылайды. Оксана Зинченко баяндасын.

РКС: Семинар бағдарламасына этнографтар, тарихшылар, ұлттық парктер мен туристік ұйымдардың өкілдері сияқты жетекші мамандардың дәрістері енді. Негізгі спикерлердің бірі – профессор Жамбыл Артықбаев. Ол курорттың тарихи мұрасы мен өңірдің дамуына із қалдырған дәуірлер туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ Астана–Бурабай бағыты бойынша экскурсиялық ақпаратты жеткізу, курортқа қатысты аңыздар және оның табиғи байлығы ерекше назарға алынды.

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Басты мақсат – туризм саласындағы мамандардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Сонымен бірге өңірдің тарихи-мәдени мұрасы туралы кеңейтілген ақпарат беру, Бурабай курортында ашылған жаңа туристік нысандармен таныстыру да көзделген. Сондай-ақ Бурабайға қатысты аңыз-әпсаналарды дұрыс әрі тартымды етіп жеткізу, туристер мен қонақтарға қызықты етіп баяндау әдістері де ерекше назарға алынып отыр.

РКС: Дәрістерден бөлек, қатысушыларға кең көлемді практикалық бөлім де ұсынылмақ. Жаңартылған шолу алаңдарына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.

Оқыту семинарына 60-тан астам гид-экскурсовод қатысып жатыр. Олардың қатарында осы салаға енді келгендер де, тәжірибелі мамандар да бар.

СНХ: ВЛАДИМИР МАРТЕМЬЯНОВ, ТУРИСТІК ФИРМАНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Мұндай семинарлардың әсіресе туристік маусымнан тыс уақытта өтуі өте маңызды. Себебі, маусым кезінде гидтер толығымен жұмыспен қамтылғандықтан, оларда кездесулерге де уақыт болмайды. Қазір оларға бос уақыт көбірек беріліп отыр. Гид мамандығы – аса қажет әрі маңызды сала. Өйткені гид – туристі бірінші болып қарсы алатын адам. Мен әрдайым гидті елдің елшісі деп атаймын. Себебі ол туристке ақпарат береді, ал сол ақпараттың сапасы мен мазмұны туристтің бүкіл өңірге, оның мәдениеті мен тарихи мұрасына деген көзқарасын қалыптастырады.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және қызмет көрсету сапасының жоғары стандарттарын қалыптастыруға зор үлес қосады. Соның нәтижесінде өңірге келетін қонақтар енді әлдеқайда сапалы, кәсіби және әсерлі экскурсияларды тамашалай алады.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ