ДИКТОР: Ақмола облысында Ғылым және жоғары білім министрлігі «Агроөнеркәсіптік кәсіпорындар мен өңірлерді дамыту» атты ғылыми-технологиялық сессия ұйымдастырды. Агрохакатон Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында өтті. Қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары агроөнеркәсіп кәсіпорындарының мамандарымен кездесті. Екі күн бойы олар жергілікті шаруалар мен мал өсірушілерге арналған тиімді шешімдер әзірледі.
РКС: Ғылымның жетістіктері – топырақ құнарлылығын арттыруға, өнімділікті көбейтуге, ауыл шаруашылығы жануарларының төзімділігін нығайтуға және әлемдік нарықтағы бағаға шығуға мүмкіндік береді. Ғалымдар жергілікті диқаншылар мен мал өсірушілерге осының барлығын ұсынды. Бұл жолы Қазақстанның университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарынан, сондай-ақ Сербия, Өзбекстан және Ресейден келген 76 зерттеуші бас қосты. Олардың әрқайсысы аграрлық ғылымның түрлі бағыттары бойынша жұмыс істейді.
СНХ: ӘДІЛЕТ СҮГІРБАЙ, ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КОНСТРУКТОРЛЫҚ БЮРО ЖЕТЕКШІСІ /СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ/: Мысалы, біздің топтың негізгі мәселесі - осы кәсіпкерлердің, яғни, фермерлердің, жерлеріндегі судың тапшылығы. Және де осы судың тапшылығына байланысты өнімнің аз болуы. Сол мәселелерді қалай шешуге болады деген өзекті мәселелерді талқылап жатырмыз. Ғалым ретінде, біздің өзіміздің ғылыми жұмыстарымыз бар. Оның біріншісі мысалы мөлдік технология арналған тыңайтқыш, бидай, арпа дәнді дақылдарды сепкіш машинасы жасау. Бұл біріншісі. Екіншісі - құрғақ және де орташа құрғақ аймақтарға арналған қартоп отырғызыш машинасы. Сонымен қатар, көшет отырғызу машина жасау. Және де жануарлардың қалдықтарын биореакторларда өндеу отырып, органикалық тынайтқыш жасаумен айналысамыз. Негізгі ауыл шаруашылығына қандай техника керек, барлығымен жасай береміз.
РКС: Іс-шараға Ақмола облысының ең ірі агроқұрылымдары да қатысты. Олар өз сарапшыларын ұсынды. Мамандар ғалымдарға ауыл шаруашылығындағы негізгі түйткілдер мен ғылыми шектеулерді анықтауға көмектесті.
СНХ: ПАВЕЛ РАФАЛЬСКИЙ – ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Өндірістің болашағын тың идеялар болғанда ғана көруге мүмкіндік бар. Ал ондай мүмкіндік Қазақстанның аграрлық ғылымы дамығанда жүзеге асады. Біз мұнда бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, өсімдіктерді қоректендіру сияқты бағыттарды да қарастырдық. Ғалымдар өз бағдарламаларын ұсынды. Әрине, олардың әлі де бейімделуді, өндірісте тексерілуді қажет ететін тұстары бар. Бірақ бұл қолдануды талап ететін жаңа, тың идеялар. Өйткені Қазақстан бүгінде әлемдік нарыққа шығатын ірі аграрлық держава ретінде танылады. Ал ол жақтағы бәсекелестік өте қатал.
РКС: Іс-шараға бейнебайланыс арқылы Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек қосылды. Ол болашақтағы ғылымды дамыту жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті. Министр атап өткендей, негізгі бағыт – цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу. Қазақстандық ғалымдардың еңбегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосылған құн әкелуі тиіс, – деп түйіндеді ол. Агрохакатон жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға айналып келеді. Өткен жылы ғалымдар елдің басқа аграрлық өңірі Солтүстік Қазақстан облысында бас қосқан еді. Ал биыл ғылыми-технологиялық сессия Көкшетауда өтіп, 150-ге жуық қатысушыны біріктірді.
СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Біздің мақсат – ғылым мен бизнесті біріктіру. Агроөндіріс орындарының мәселелерін, техникалық міндеттерін тыңдап, сол сұранысқа сәйкес ғалымдар өз шешімдерін ұсына алуы қажет еді. Біз агрохакатонның нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар пайда болады деп үміттенеміз. Алдағы уақытта оларды нысаналы қаржыландыру бағдарламасына, ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерциаландыру тетіктеріне және гранттық қаржыландыруға ұсынуға мүмкіндік болады.
РКС: Сарапшылар комиссиясы үздік жобалар ретінде егін шаруашылығы жүйесін дамыту, мал азығы түйіршіктерін және антистресс компоненттерін өндіру, терең қопсытқыш-тазартқыш технологиясы, қазақстандық өнімдерді брендтеу ұсынысы, сондай-ақ көміртекті орман қорғау белдеулерінің прототипін таныды. Жеңімпаздар тек әріптестері мен мамандардың мойындауына ғана ие болған жоқ. Оларға сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттарына өтінім беруге кеңестер берілді және бизнес тарапынан қолдау көрсетілді.
ТОМИРИС ИДРСОВА,ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.