ДИКТОР: Биыл еліміз бойынша 13 миллион шаршы метрге жуық баспана ел игілігіне берілді. Бұл ең алдымен халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды көрсеткіш. Мемлекет басшысы Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Аймақта да аталған бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Көкшетау жыл санап көркейіп, сәулеті келісті болып келеді. Бұрын бос жатқан аумақтарда қазір еңселі ғимараттар, зәулім тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Әсіресе, шаһарда тұрғын үй қорын жаңартуға айырықша назар аударылған. Халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында былтыр аймақ басшысының бастамасымен Көкшетау қаласы, Бурабай, Аршалы, Бұланды Зеренді аудандарында реновация бағдарламасы қолға алынды. Соның нәтижесінде шаһарда 11 аумақ таңдалып, алғашқы тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Жоба «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «КӨКШЕ» ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасады. Сол уақытқа дейін барлық инженерлік желілер жаңартылып, 11 аймақ түгел қамтылады.

Қазір Вернадский 11, Абай 126 және Құдайбердиев 42 мекенжайларында үйлер сүріліп, құрылыс жүргізіліп жатыр. Ал жобалау және пәтерлерді бағалау кезеңінде тұрған нысандар қатарында - Абай 141А, Абай 141Б, Әуезов–Тәшенов қиылысы мен Баймұқанов 51 көшелеріндегі үйлер бар.Бұған қоса, келер жылы тағы төрт жаңа жобаны іске қосу көзделіп отыр.

РКС: Ал пәтер кезегін үйлестіру былтыр қабылданған «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» заңға сәйкес «Отбасы Банкіге» берілген. Бұл құжат азаматтарды қолдаудың жаңа тетіктерін енгізіп, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

СНХ: ҚУАНЫШ ҒАЗИЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сонымен қатар, қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган пәтерлердлі сатып алу жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда Көкшетау қаласы әкімдігімен 191 пәтер жоспарда тұр алуға. Оның 177 қазіргі таңда алынды. 14 пәтер бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар 71 пәтер «Отбасы банкіге» таратуға берілді. Қазіргі таңда тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

РКС: Жалпы биылдың өзінде 200-ге жуық көкшетаулық қоныс тойын тойлады. Ал соңғы екі жылда 5 мыңға жуық ақмолалық отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін баспаналы болатындар саны 7 мыңнан асады деп күтілуде. Алып құрылыс алаңына айналған Көкшетау аймақ басшысының бастамасымен келер жыл «Сарыарқа жылы» деп белгіленді. Қазірдің өзінде бұл шағын ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Тұрғын үйлер мен қатар, жарыса әлеуметтік нысандар да салынуда. Мұның барлығы шаһардың шырайын ашып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттырары сөзсіз.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ