ДИКТОР: Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл –тірлік үшін. Мемлекеттік тілдің мәртебесі – елдің абыройы. Ана тілін шұбарламай, ойды таза әрі дәл жеткізу – ата-бабадан қалған аманат. Сол аманатқа адал болу, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан тіл мұрасының түйткілді тұстарын талқылап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен « Qazaq tili Legacy» атты облыстық семинар өтті.

РКС: Аталған семинар ашық пікірталас форматында өтті. Бұл алаңда студенттер зиялы қауым өкілдеріне, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың басшыларына еркін түрде сұрақ қойып, ой алмасты. Жиында мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы да сөз болды. Қоғам қайраткерлері қазақ тілінің ахуалы әлі де алаң тудыратынын айтып, оны жылдар бойы бір түйінге келтірмей талқылай берудің өзі ұят екенін жеткізді.

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Не істеу керек дегенде бір ақ жауап бар. Әр қазақ өзі қазақша сөйлеу керек. Болды. Бұған мемлекеттің тарапынан ақша бөлудің де, қаулы қабылдаудың да қажеті жоқ. Осыны да түсіну керек. Мемлекеттік қызметтің өзінде әлі күнге дейін қазақ тілін толыққанды қолданып жатқан жоқ. Біз әлі күнге дейін қазақ тілін өркендетіп жатырмыз деп өзімізді-өзіміз алдап жатырмыз.

РКС: «Серпін» бағдарламасымен келген жастар да өз ойларын ортаға салды.

Оларды әсіресе аралас тілдегі мектептерде тәжірибеден өту мәселесі алаңдатып отырғанын ашық айтты.

СНХ: АҚБОТА ЖАНГЛИСОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: «Серпін» бағдарламасымен келген студенттерге аралас мектептерден практикадан өту және жұмыс істеу ол өте қиындық туғызады. Жалпы мен зерттеулерге қарағанда осы Ақмола облысында 48 процент бала қазақ мектептерде білім алса, ал 52 процент бала аралас мектептерде білім алады. Яғни, жартысынан көбі. Бұл үлкен мәселе деп ойлаймын, сол аралас мектептерді қазақ мектептеріне ауыстыру мүмін бе? Мүмкін болмаған жағдайда қазақ мектептеріне қалай көбірек назар аударта аламыз?

СНХ: АЙГҮЛ ШАҚШАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Сіздің 48 процент деп отырғаныңыз ол 2024-2025 жылдың пайыздық көрсеткіші. 149 мың оқушының 69 мыңнан астамы мемлекеттік тілде білім алады. Аралас мектептерді қазақ тіліне ауыстыру мәселесіне келсек, біз орыс мектептерін мүлде жауып тастай алмаймыз. Қазақстан Конституциясында да бар, әр адамның өз құқы қай тілде білім алам десе де. Біз жылда қазақ тілінде білім беретін сынып жиынтықтарын көбейтіп жатырмыз. 2025 жылда бізде 10 мектеп ашылды облыс бойынша, соның алтауы мемлекеттік тілде. Қалған төртеуі аралас сыныптар.

РКС: Елдің ертеңі – өскелең ұрпақ. Жас буын мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақ тіліне шынайы құрметпен қарайтын дәрежеге жетуі – тілді оқытушы ұстаздардың ел алдындағы зор парызының орындалып жатқанының айғағы. Семинар барысында көтерілген орамды ойлар, келелі пікірлер мен ұсыныстар – қазақ тілінің дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жиын соңында мемлекеттік тілге үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашыры марапатталды.

ИНТЕРШУМ:

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ