ДИКТОР: Өзбекстанның Ташкент қаласында каратэ-до шотокан шығыс жекпе-жегінен халықаралық турнир өтті. Азия Чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен 1 мыңға жуық спортшы қатысты. Ақмола облысының спортшылары да додада бақ сынасып, алтын, күміс қола медаль еншілеп қайтты. Жеңімпаздарды жерлестері теміржол вокзалынан күтіп алды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: 22 елден жиналған 1000-ға жуық спортшының арасынан ақмолалықтар алға сытылып шықты. Облыс намысын қорғаған 17 спортшы 21 медаль еншіледі. Оның 11-і алтын, 8-і күміс және 2 қола медаль. Бірнеше номинацияда қатар өнер көрсеткен спортшылардың біразы жарыс тұғырына 2 мәрте көтерілді.

СНХ: РУСЛАН НИКОЛЕНКО, ЖҮЛДЕГЕР: Мен каратэмен айналысқаныма 12 жыл. Бұл жарыста бірінші орынға ие болдым. Жалпы, біздің команда өте жақсы нәтиже көрсетті. Жарысқа 3 ай дайындалдық. Қарсыластарымыздың арасында ең мықтылары Қытай және Палестина елінің спортшылары болды.

РКС: Чемпионатта жекпе-жек қызу өтті. Спортшылар каратэнің техникасымен, шапшаңдығымен қатар, тактикалық шеберлігін алаңда айқын көрсете білді. Сондай-ақ, қатысушылар «ката» өнерінде жүлдегер атанды. Бұл спортта әрбір қозғалыстың нақтылығы мен үйлесімділігі жоғары бағаланды.

СНХ:РУСЛАН ДҮКЕМБАЕВ, ҚР СПОРТТЫҚ КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бүгін біздің Ақмола облысы үшін ерекше қуанышты күн. Спортшыларымыз Азия чемпионатында жоғары деңгейдегі өнерін көрсетіп, тамаша нәтижемен оралып отыр. Ешбірі медальсыз қайтпады — әр спортшының қолында қола не күміс жүлдесі бар. Ең кіші спортшымыз небәрі 7 жаста.»

РКС: Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан кейін екінші орынға табан тіреді. Енді желтоқсанның 10-ы мен 14-і аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін киокушин каратэден әлем чемпионаты өтпек. Алдағы жарысқа ақмолалық бірнеше спортшы жолдама алып, дайындықты бастап кетті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ