ДИКТОР: Красный Яр ауылындағы №29 өрт сөндіру бекеті ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бекет Красный Ярға жақын маңайдағы бірнеше елді мекенге де қызмет көрсетеді. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Жаңадан салынған бекетте өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Заманауи техникамен жабдықталған жылы гараж бокстары, демалыс және тұрмыстық бөлмелер бар. Мұнда 21 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарып, ауыл мен жақын маңдағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді.
СНХ: БАҚЫТЖАН АЛАШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Шілде айында бастадық, содан кейін жұмыс тоқтатылған жоқ. Өздеріміздің демеушілеріміз болды. Сол кісілер өздері подрядная организация алып келді, салып берді бізге. Біздің жігіттер де жай отырған жоқ, бәріміз жұмылып. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Бәріміз көмектесіп, ашып, іске қостық. Қазіргі таңда жігіттердің толықтай киім алып бердік. Өрт сөндіруге шығу және күнделікті киім формасы.
РКС: Қазір Ерейментаудағы өрт сөндіру бөліміне де реновация жүргізіліп жатыр. Жұмыстар желтоқсанның соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамы төтенше жағдайлар департаментімен тығыз ынтымақтастықта. Бірлескен оқу-жаттығулар жиі өткізіліп тұрады. Осы уақытқа дейін бірлескен екі оқу-жаттығу ұйымдастырылды, оның біреуіне өрт сөндіру пойызы да жұмылдырылды.
СНХ: ПАВЕЛ БУШУЕВ, «ALTYNTAU KOKSHETAU» АҚ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Қазцинк» басшылығы Президент Жолдауы аясында қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Шамамен 34 миллион теңге бөлінді. Себебі бұл өрт сөндіру бөлімі біздің нысандарға қызмет көрсетеді, бірлесе жұмыс істейміз. Жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым жүргізді. Болашақта да мүмкіндігінше қолдау көрсетуді жалғастырамыз.
РКС: Өрт сөндіру бекеті Красный Яр ауылынан бөлек Чайкино, Нұрлы Көш және Қызылжұлдыз елдімекендеріне де қызмет көрсетеді. Бекет ашылғаннан бері құтқарушылар 3 рет өрт сөндіруге шықты. Жергілікті тұрғындар үшін бұл – аса маңызды нысан.
СНХ: АРТУР ВИТТ, №29 ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІНІҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ: Жаңа техника мен автокөлік берілді. Сондай-ақ арнайы жаңа жауынгерлік киім табысталды. Өрт кезінде жаңа киіммен жұмыс істеудің айырмашылығын бірден сезесің. Бұдан бөлек жаңа өрт-техникалық жабдық та алынды. Жаңа өрт сөндіру бекетінде, жаңа бөлімде жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын, барлық заманауи жабдықтар бар. Сондай-ақ жаңа өрт сөндіру оқпандарымен жұмыс істеу жеңіл әрі жылдам. 15–20 секунд ішінде үлкен өртті сөндіруге болады.
РКС: Жаңа бекеттің ашылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне қосымша сенім ұялатты. Құтқарушылар күн сайын халық тыныштығын күзетіп, төтенше жағдайлардың алдын алуда.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ