ДИКТОР: Үш ауылдық округтің тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Енді он ауылдың халқы сапалы медициналық көмек алу үшін алысқа сабылмайды. Максимовка ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерді. Жаңа медициналық мекеменің негізгі жұмысымен аймақ басшысы Марат Ахметжанов ауданға сапары барысында танысып қайтты.

РКС: Жаңа дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Қазір бұл емдеу мекемесіне төрт мыңға жуық тұрғын тіркелген. Нәсима Жахина Максимовка ауылында отыз жылға жуық өмір сүріп келеді. Ауылда оған қызметтік баспана берілген, ал өзі мектепте ұстаздық етеді. Сондықтан да ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасалған жаңа, заманауи амбулаторияның ашылуы – олардың отбасы үшін ғана емес, барша ауыл халқы үшін де көптен күткен қуанышқа айналды.

СНХ: НӘСИМА ЖАХИНА, МАКСИМОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Өте қуаныштымы. Осы ауруханада енді емделетін боламыз. Медициналық қызметінің енді сапасы артады, деп ойлаймыз. Жаңа жабдықталған аурухана. Осы ауылда 28 жыл тұрамын. Енді ол кезде медициналық жабдықтар сондай болған жоқ. Ол үшін ауданға бару керек болды. Енді ешқайда бармай, өз ауылымызда емделеміз. Дер кезінде емделе аламыз.

РКС: Жаңа ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Енді ауыл тұрғындары аудандық немесе облыстық ауруханаға бармай-ақ, кең көлемді медициналық қызметті өз ауылында ала алады. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов медициналық ұжыммен және тұрғындармен кездесті. Гематологиялық анализатор сатып алу үшін ұжымға 5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл заманауи аппарат арқылы қанды жылдам әрі дәл зерттеп, қажетті диагноздарды дереу анықтауға болады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Дәрігерлердің тапшылығы жоқ. Ауыл тұрғындары үшін медицина қолжетімді. Елдімекеннің өзі керемет. Бұл нысан ауылдың ажарын одан әрі аша түсті. Ең бастысы ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.

РКС: Амбулаторияда ауыл тұрғындарына тәжірибелі 2 дәрігер қызмет көрсетеді. Енді заманауи жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен олар пациенттерді жайлы әрі қолайлы жағдайда емдей алады.

СНХ: ВИТАЛИЙ ПИДЕНКО, САНДЫҚТАУ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Біздің аудан үшін бұл соңғы 20 жыл ішінде жүзеге асырылған ең ауқымды жоба болып отыр. Қазір бізде тағы үш нысанның құрылысын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Оларға Каменка және Лесное ауылдарындағы екі амбулатория және Байдалы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын енгізу кіреді.

РКС: Одан соң аймақ басшысы Балкашино ауылында Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесті. Оның барысында аймақтың негізгі жетістіктері сөз болды. «Ауыл шаруашылығы – экономиканың күретамыры әрі басты қозғаушы күші,-деді Марат Ахметжанов. Биыл диқандар рекордтық өнімге қол жеткізіп, 7 миллион 650 мың тонна астық жинады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Әрине, Сандықтау ауданының тұрғындардың, диқандардың үлесі мол деп айтып кетуіміз керек. Өтйкені оны мақтанып айтуға болады, ауданының диқандары тарихта болмаған көрсеткішке қол жеткізіп отырсыздар. Жалпы 700 мың тоннадан астам сапалы астық жинап, бір гектарынан 21,5 центнерден көрсеткіш көрсетіп отырсыз. Ол өте жақсы нәтиже. Былтырғы қарағанда, 100 мың тоннадан астам астық жақсы жинап отырсыздар.

РКС: Кездесу кезінде аудан тұрғындары облыс әкіміне өздерін алаңдатқан маңызды мәселелерді жеткізді. Олар тұрғын үй саласы, автожолдардың жағдайы және экология сынды өзекті тақырыптарды ортаға салып, өңірдің дамуындағы назар аударарлық мәселелерді қозғады.

СНХ: НАДЕЖДА КЛИМЕНКО, КАМЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Биыл көктемде Каменка ауылына кіреберістегі көпір толықтай қирап қалды. Бұл көпір төрт ауыл – Каменка, Белгородское, Раздольное және Преображенка – арасындағы негізгі байланыс жолы еді. Аталған елді мекендерде барлығы 1635 тұрғын тұрады. Қазірге дейін көпір жөндеуден өтпеген. Қыс мезгілі жақындаған сайын бізді бір ғана мәселе алаңдатады. Қыс мезгілінде біз медициналық және әлеуметтік қызметтерден ажырап қалу қаупі бар. Сондықтан сіздерден сұрайтынымыз, көпірді күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар ма және қашан бастайды?

СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінде көпірдің жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жобада су деңгейінің көтерілуінен бастап, төмен деңгейге дейінгі барлық жағдайлар ескерілген. Жобаны жыл соңына дейін сараптамадан өткізіп, аудан әкіміне бірден мердігерді анықтап, конкурс жариялау ұсынылады.

РКС: Кездесу барысында арзан дизель отынын бөлу, мал шаруашылығын қолдау және ауыл жастары үшін жағдайларды жақсарту сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, Марат Ахметжанов ауданды дамытуға үлес қосқан бірқатар тұрғындардың еңбегін ерекше атап өтті. Ол озық нәтиже көрсеткен ауылшаруашылық мекемелерінің қызметкерлерін алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттармен марапаттады.

ИНТЕРШУМ:

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ