ДИКТОР: Қазақстан цифрлық трансформация бағытында жетекші елдердің қатарында. Біріккен Ұлттар Ұйымының онлайн қызметтер индексі бойынша еліміз 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орында. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93 проценті электронды форматта ұсынылады. Ал Ақмола облысында бұл бағытта қандай жобалар қолға алынған? Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстан цифрлық елге айналуы тиіс деген стратегиялық міндет қойды. Оған сәйкес, барлық салаға цифрлық шешімдер енгізіліп, жаңа технологияларға басымдық берілмек. Бұл міндеттер Ақмола облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оған өңірде қолға алынған цифрлық инфрақұрылымды дамыту, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар дәлел. Соның бірі - Digital Aqmola орталығы. Жоба көлік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, экология және денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларға орталықтандырылған мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда «103», «109», «112» жедел қызметтері І-Komek бірыңғай байланыс ортақ плаформасына біріктірілген. Сондай-ақ, облыста байланыс инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық берілуде. Ақмола облысы Президенттің цифрлық тең мүмкіндіктер стратегиясын жүйелі жүзеге асырып келеді. Мәселен бүгінде 604 елді мекеннің 559-ы мобильді интернетпен қамтылған.
СНХ: ОЛЖАС ҚАМИ, «SMART AQMOLA» БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл өңірде 274 ауылды оптикалық-талшықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Бұл - «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында. Жобаны іске асыру үшін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі арасында 16,3 млрд теңгеге инвестициялық меморандумға қол қойылған. 2027 жылға дейін жалғасады, әсіресе шалғай ауылдарға айырықша назар аударылуда.
РКС: Аймақта 524 мектеп болса, оның барлығы интернетпен қамтылған, 210-ы Starlink желісі арқылы қосылған. Сондай-ақ, өңірде IT саласын дамытуға бағытталған халықаралық IT-стартаптар орталығы – «Aqmola Hub» өңірлік технопаркі табысты дамып келеді. Қазір хабта 15-ке жуық компания тіркелген. 60-тан астам стартап жобасы жүзеге асырылуда. Биыл 2 мыңға жуық азамат жасанды интеллекті бағдарламасы бойынша білім алды Орталық - өңір үшін маңызды бағыттарды дамытуға басымдық береді. Дегенмен, аграрлы аймақ болған соң, әсіресе ауыл шаруашылығын цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде.
СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Осы ретте біз Aqmola Hub базасында AgroTech-стартаптарды қолдайтын жасанды интеллект орталығын ашуды ұсындық. Бұл бастама агросектор кәсіпкерлері мен стартаптарды байланыстырып, нақты мәселелерге арналған цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік бермек. Жоба әзірге ұсыныс үстінде, дегенмен қазірдің өзінде AgroTech бағытында хакатондар өткізілуде.
РКС: Бүгінде өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттермен толық үндесіп, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ