ДИКТОР: Ақмола облысында жол-көлік оқиғаларының саны күрт көбейді.

Қас қағым сәттегі қателік – өмір мен өлімнің арасындағы сызыққа айналып отыр. Биыл өңір жолдарында апат саны 22 процент артты. 900-ден аса апат, 90-нан астам адам қаза тапқан, 1500-ге жуық тұрғын жарақат алды. Бұл – соңғы жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

РКС: Жолдағы қайғылы жағдайлардың басты себебі – жылдамдықты асыру,

жүргізушілердің жолда қателікке бой алдыруы, көліктің аударылуы,

жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты қарапайым немқұрайлықтар. Ал қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығы жағдайды тіпті ушықтыра түседі. Қазірдің өзінде облыс аумағында 296 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш мыңға көп. Демек, жолдағы қозғалыс та, қауіп те еселеніп отыр.

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қарсы бағытқа шығу мен шаршаған күйде көлік жүргізу қаупін азайту мақсатында 65 учаскеге шу жолағы салынды. Сондай-ақ, көліктер арасындағы қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтамаудан туындайтын апаттардың алдын алу үшін былтыр және биыл жол қауіпсіздігі тақырыбына арналған 179 тақырыптық билборд орнатылды.

РКС: Биыл өңірде қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қолға алынды. 97 қауіпті учаскеде жолдың сапасы мен қауіпсіздігі түбегейлі жақсартылуда. Жол бойларына жаңа белгілер орнатылып, заманауи құрылғылар мен ақпараттық таблолар жүргізушілерге бағыт-бағдар беруде. «Астана–Щучинск» тас жолында жүргізушілерге ауа райы мен қозғалыс жағдайы туралы нақты ақпарат беретін 8 электронды табло іске қосылды. Ал «Астана–Қарағанды–Алматы» бағытындағы күре жолда жаңа электронды 54 жол белгісі орнатылып жатыр. Сондай-ақ, қысқы маусымға арналған техникалық база да толық жасақталды.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Көкше Тазалық» қысқы маусымдағы жұмыстарға арнайы 44 техника жұмылдырады: оның ішінде 24 автокөлік және 20 трактор мен өздігінен жүретін машина бар. «Зерен Плюс-2006» серіктестігі 32 техника дайындады, оның ішінде 12 автомашина және 12 трактор мен өздігінен жүретін машиналар, қосымша тағы 8 техника бар. Сондай-ақ, «Тұрғымбаев» 25 техникамен қамтамасыз етеді: 8 автомашина және 17 трактор мен өздігінен жүретін машиналар қысқы жұмыстарға толық дайын.

РКС: Қыс – жаңа сынақтың бастауы. Көктайғақ, боран, тұман... Бір қателік – жүздеген адамның өміріне қауіп төндірсе, бір жүргізушінің салғырттығы бүтін бір отбасын қайғыға ұшыратуы мүмкін. Ал, синоптиктердің болжауынша, биылғы қыс жұмсақ болады деп күтілуде. Алайда ауа райы құбылмалы, боран мен көктайғақ бірнеше рет қайталануы мүмкін. Көкшетау қысқы ауа райының қатал сынағына қарсы тұруға әзір, ал тұрғындардан тек жолда сақтық шараларын қатаң сақтау және коммуналдық қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарау талап етіледі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ