ДИКТОР: Жарқайың ауданы тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Облыстық маңызы бар Жақсы–Державинск автожолын орташа жөндеу қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл жол соңғы рет он жылдан астам бұрын жөнделген еді. Жөндеу жұмыстарының барысы қандай? Жол сапасы мен қауіпсіздік талаптары толық сақтала ма? Тілші баяндасын.

РКС: Күн сайын осы бағытпен қатынайтын жолда бүгінде айтарлықтай өзгеріс бар. Қазір аталған бағыт бойынша 101-ші мен 142-ші шақырым аралығында, ұзындығы 41 шақырымнан асатын учаске жөнделіп жатыр. Бұрын ой-шұқыры көп болған жол тұрғындарға қолайсыздық тудырса, енді жаңа асфальт төселіп, жол жиегі бекітіліп, көпір өткелдері жаңартылуда.

СНХ: ЗАУР СМАҒҰЛОВ, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Державинск қаласының аумағында «Қарағанды жолдары» мердігерлік ұйымы жолдарды жөндеп жатыр. Барлық қажетті құрылыс талаптары мен нормалары толық сақталған. Жұмыс сапалы әрі талапқа сай орындалуда.

РКС: Жөндеу жұмыстары Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тұрақты бақылауында жүргізілуде. Мамандар сапа мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалап отыр. Сондай-ақ, мұнда жол белгілері, заманауи бағдаршамдар мен бейнебақылау орнатылды. Бұл шаралар тұрғындар мен жүргізушілердің қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, қаланың келбетін айтарлықтай жақсартты,-дейді тұрғындар.

СНХ: БЕРІК СЕЙІТҚАЛИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Мынау жолдың істелгеніне өте қуаныштымын. Бұл жол бізге өте керек. Біздің ауылда дүкен жоқ, азық-түлікті ауданнан аламыз. Бұған дейін біраз қиындығын көріп жүрдік, енді көзіміз ашылды. Осы жолды жөндеуге атсалысқан адамдарға, әкімдікке бәріне рахмет.

РКС: Айта кетейік, тек бұл бағыт емес, ауданның өзге елді мекендерінде де жолдар жаңарып жатыр. Бұл – өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы жүйелі істердің бір көрінісі. Сонымен қатар, сапалы жол – ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттырары сөзсіз.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ