ДИКТОР: Ғаламдық климаттың өзгеруі жағдайында Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытында маңызды әрі стратегиялық қадам жасап отыр. Елімізде алғаш рет «KazAgroCarbon» атты агроклиматтық карбон полигоны ашылды. Бұл бірегей жоба Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының негізінде жүзеге асырылды. Полигон экожүйелердің жағдайын тұрақты бақылауға, көміртегі теңгерімін терең зерттеуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жаңа технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазақстанның көміртегін сіңіру әлеуеті жылына 535 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін,-дейді сарапшылар. Бұл көрсеткіш көміртегі офсеттерімен сауда жасау арқылы жыл сайын шамамен 25 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. «KazAgroCarbon» полигоны – көміртегі теңгерімін өлшеу, модельдеу және тиімді басқару бағытында жұмыс істейтін бірегей тәжірибелік алаң. Бұл жоба ел экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашып, аграрлық саланың экологиялық әрі тұрақты дамуына тың серпін береді.

СНХ: АЛЕКСАНДР БЕЛЯЕВ, РЕСЕЙ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ АГРАРЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ ФЕДЕРАЛДЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгін біз өзара ынтымақтастығымызды ресми түрде бекіттік және бірлескен жұмысты бастаймыз. Алдымен жобаны белгілі бір аумақта сынақ ретінде жүзеге асырамыз. Сол жерде қанша және қандай датчиктер қажет болатынын, олардың құнын, жұмыстарды кім орындайтынын анықтаймыз. Сондай-ақ алынған деректерді қалай есептеп, қалай жеткізу керектігін, верификация мен валидацияны кім жүргізетінін айқындаймыз. Бұл кезең – оқыту мен тәжірибе жинақтау сатысы. Ал осы модель толық пысықталған соң, жинақталған тәжірибені бүкіл Қазақстан аумағында қолдану жоспарланып отыр.