ДИКТОР: Биыл Алаш арысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы мұратын ұрпаққа аманаттаған Міржақып» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын киелі Торғай жерінен арнайы келген мұражай кешені өкілдері мен өңірдің белгілі тарихшылары, әдебиетшілері, мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
РКС: Басқосуда Міржақып Дулатовтың қазақ ағартушылығы мен әдебиетінің, сондай-ақ ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі ретіндегі мұрасы кеңінен талқыланды. Жиын барысында тарихшы және әдебиетші ғалымдар, профессорлар өз зерттеулерімен бөлісіп, Міржақып мұрасының жаңа қырларын танытты.
СНХ: ГҮЛБАНУ СӘРСЕКЕЙ, ТОРҒАЙ МУЗЕЙЛЕР КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл кісілердің зерттелмеген дүниелері көп. Биыл 140 жылдығының қарсаңында Астанадағы жас ғалым Данияр Ихсан алаш зерттеушісі Міржақыптың 20-ға тарта псевдонимы барын зерттеді. Және де бұл кісінің қазақ тарирхы атты жиынтық кітабы жарық көргенін зерттеді. Әлі күнге шейін алты томдық шығакрмалардың ішіне кірмеген. Архивтерден әкелген. Мағжан айтқандай «Мен жастарға сенемін» деп. Ғылымға деген құлшыныс барда, Алаш қайраткерлерінің тың біз білмеген сан сырлы өмір декректері мен еңбектерініне деген үлес бар.
РКС: Міржақып Дулатұлының 1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» еңбегі - ұлт санасын оятқан, азаттық идеясын ұрпақ жүрегіне сіңірген шығарма. Алаш қозғалысы әлеуметтік емес, ұлттық мұратқа негізделді. Оның өзегі - елдің тәуелсіздігі, жер мен тілдің, діннің тұтастығы еді. Саяси қысым мен қуғынға қарамастан, Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды арыстардың еңбегі бүгінгі тәуелсіздіктің рухани іргетасына айналды. Кеңес дәуірінде ұмыт болған Алаш мұрасы бүгінде қайта жаңғырып, жас ұрпаққа рухани бағдар болып отыр.
СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Осы 80-ші жылдардың аяғына дейін Алаш зиялыларының еңбектерін бізге зерттеуге, оқуға тыйым салынды. Біз шындықты білген жоқпыз. Олардың барлығы шымылдықтың, перденің астында жатты. Құпия түрде. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін шындықты, ақиқатты зерттеуге мүмкіндік алып, қазіргі уақытта Алаш туралы қаншама ғалымдарымыздың еңбектері шығып жатыр. Осы ұрпаққа, студенттерге, оқушыларға, жастарға, осы шындықты айтып жатырмыз. Әрине, Алаш қозғалысының әлі де ашылмаған беттері, зерттеуді қажет ететін тұстары бар. Оның барлығы болашақтың еншісінде. Ең бастысы біз мүмкіндігіміз бар, тәуелсіз елміз. Сондықтан бүгінгі іс-шарамыз ол да осы Алаш идеясының мәңгілік екендігінің тағы бір айғағы деп есептеймін.
РКС: Айта кетейік, бұған дейін Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінде «Міржақып мұрасы – Алаш аманаты» атты көшпелі көрме ұйымдастырылған болатын. Экспозицияға Торғай мұражайлар кешенінің қорынан алынған 70-ке жуық сирек жәдігер қойылды. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар жалғасын тауып, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ