ДИКТОР: Сахна саңлағы, Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова 85 жаста. Өнер иесінің шығармашылық жолын насихаттау және жас ұрпаққа рухани бағдар беру мақсатында Көкшетауда «Өмірім де, өрісім де – өнер» атты шығармашылық кездесу өтті.
РКС: Алтынның сынығы, ескінің көзі болып отырған ақ жаулықты ана Жібек Бағысова театр сахнасында 65 жыл еңбек еткен. Оның өнерге деген алғашқы қадамы 1957 жылы Бурабайда түсірілген әйгілі «Ботагөз» фильмінен бастау алады. Театрдағы шығармашылық жолын 1960 жылы Қызылорда облыстық драма театрында бастаған ол «Ақан сері – Ақтоқты», «Еңлік – Кебек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек» сынды қазақ классикасының жауһарларында басты рөлдерді сомдап, аз ғана уақыт ішінде дарынды актриса ретінде танылды. Кейін Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының алғашқы іргетасы қаланған сәттен-ақ, Жібек Бағысова сол бастаманың басында тұрды. Өнердің ыстығы мен суығын қатар кешкен актриса жас буынға ең алдымен өнерге адал болу қажеттігін айтады.
СНХ: ЖІБЕК БАҒЫСОВА, ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, «ПАРАСАТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ: Өнер жолына түскеннен кейін алған бағытыңды соның шыңына жету үшін көп еңбек керек, көп ізденіс керек. Сахна - өмір дейді ғой. Сахна төрінде көрермендердің көңіліне жетіп, көрермендерге ой салып, көрермендердің көңілінен шығып бақытты қылу үшін, риза қылу үшін, солардың сүйікті жұлдызы болу үшін көп еңбек ету керек. Еңбек етпей, ізденбей ешнәрнсе де болмайды. Болашақ қазақ елінің болатын жұлдыздарына айтатын тілегім, шын болсын, әділ болсын, әділ ойнасын, таза ойнасын. өзінің жүрегімен халыққа жеткізсе, содан артық өнер жоқ. Өнер таза болу керек.
РКС: Жібек Бағысованың сахнадағы тұлғалық болмысы мен кәсіби шеберлігі – әріптестері мен кейінгі буын актерлер үшін үлкен мектеп. Өнерге деген осындай адал көзқарасы мен еңбекқорлығының арқасында ол бүгінде театр ұжымының рухани тірегіне, жас актерлердің ақылшы ұстазына айналған.
СНХ: ТӨЛЕУБЕК КӨҢБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Жібек апайды мастер деп айтсақ, артық айтқандық емес, сахнаның мастері. Біз бұл мастерден көп дүниені үйрендік. Біздің өнердегі анамыз – Жібек Бағысова. Келген кезде біздің құшақ жая қарсы алып, маңдайымыздан иіскеп, басымыздан сипап, бізді құшақ жая қарсы алған ол –Жібек Бағысова. Бұл кісінің сахнадағы жүріп өткен өмірі, сахнада жасаған бейнелері, образдары әлі күнге дейін көрерменнің жүрегінде, одан қалса, әріптестері – біздің жүрегімізде. Бұл кісіден көп дүниені үйрендік.
РКС: Кездесуге Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері қатысты. Аңыз тұлғамен жүздесу – олардың шығармашылық көзқарасын кеңейтіп, болашақ мамандықтарына деген сүйіспеншілігін арттыра түсті,-дейді олар.
СНХ: ЖАНСҰЛУ ТЕМІРТАС, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұндай іс-шаралдар бізге алдағы уақытта мотивация береді. Өнерге деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Жібек апай арқылы біз театрға деген адалдықты, сүйіспеншіліеті сезіндік, ол кісіге алғысымыз шексіз. Бүгінгі шара өте тағылымды өтті. Ол кісінң өмірбаянымен, шығармашылығымен жақындай таныстық.
РКС: Жібек Бағысованың сахнадағы еңбегі мен рухани мұрасы – ел есінде мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өнердің асыл өнегесі болып қала бермек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ