ДИКТОР: Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыс өңірде жүйелі түрде жалғасуда. Былтыр жүздеген көкшетаулық отбасы көптен күткен жаңа пәтерге қоныстанды. Ал биыл бұл игі іс өз жалғасын тауып, тағы да бір топ отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырды. Тұрғын үйді бөлу тәртібіндегі жаңа өзгерістер мен оның жүзеге асу барысы туралы тілші баяндасын.

РКС: Өткен жылы Көкшетау қаласының мемлекеттік тұрғын үй қоры кезегінде тұрған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында жергілікті атқарушы орган 319 пәтердің кілтін табыстады. Оның ішінде 68 пәтер – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 95 пәтер – көпбалалы аналарға, ал қалған 156 пәтер әлеуметтік осал топқа жататын өзге де азаматтарға бұйырды. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ал биыл бұл жұмыс өз жалғасын табуда. Қазір жаңа пәтерлер сатып алынып, оларды өз иелеріне тапсыруға дайындық жүріп жатыр.

СНХ: ҚУАНЫШ ҒАЗИЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Биылғы жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 191 пәтер беру жоспарланған. Қазір 71 пәтер сатып алынып, қазан айында тапсыру жоспарлануда. Қалған 120 пәтер сатып алынуына қарай берілетін болады. Айта кету керек, 25 мамырдан бастап жергілікті атқарушы орган тұрғын үйді бөлу және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою функцияларын «Отбасы банк» акционерлік қоғамына тапсырды. Қазір бұл мәселемен толықтай банк айналысуда.

РКС: Тұрғын үйді бөлу функцияларының «Отбасы банкке» берілуі бұл жүйені бұрынғыдан да ашық, әділ әрі халыққа қолайлы етпек. Енді тұрғын үй кезегіне тұру, құжат тапсыру және пәтер алу үдерістері барынша жеңілдетіліп, цифрлық форматта жүзеге асырылады. Өңірде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл өз кезегінде жүздеген отбасыға көптен күткен баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор серпін бермек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ