ДИКТОР: Елімізде қазанның бірінен бастап 2026 жылдың көктемгі-далалық жұмыстарын несиелендіруге тапсырыс қабылдау басталды. Шаруаларды ерте қаржыландыру олардың мол өнім алуына үлкен сеп. Мәселен, биыл ақмолалық кейбір шаруалар гектарынан 40-50 центнерге дейін өнім алды.

РКС: 22 жылдан бері егін егіп, шаруасын тіктеген зеренділік Жұмабек Төлебаев биыл дәнді-дақылдың өнімділігі бірнеше есе жоғары болды,-деп қуанып отыр. Мемлекеттен берілген жеңілдетілген несиенің қаржысына шаруа бірінші кезекте жерге тыңайтқыш сіңіріп, топырақты құнарландырып алған.

СНХ: ЖҰМАБЕК ТӨЛЕБАЕВ, «АЙЖАН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 50 млн ақша алдық. Ол ақшаға жанармай, тұқым, тыңайтқыш алдық. Тұқымдарым биыл элита алғам. Егін жақсы шықты. 50-ден алған поля болды. Бірінші рет солай алып отырмыз. Жер сепкесін жермен жұмыс істеу керек. Жырту керек, тыңайтқыш себу керек.

РКС: «Кең дала 2» бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі Асқар Қортаев бүгінде қырманды астыққа толтырып алған. Шаруа дәнді-дақылды тазалап, кептіруге де еш қиналмас үшін биыл астық кептіргіш пен тазалау кешенін салуды бастап отыр.

СНХ: АСҚАР ҚОРТАЕВ, "UNICORN CROPS LIMITED" ЖЕКЕ КОМПАНИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Осы жылы біз «Кең даладан» 1 млрд тг қаражат алдық. Ол бізге пайдалы болды. Көмегі көп тиді. Гсм алдық, семена алдық, жалақымызды бердік жұмысшыларымызға. Удобрение алдық 2 мың тонна. «Кең даланың» арқасында алға аяқ бастық.

РКС: Биыл "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша ақмолалық 750-ден астам шаруа қаржыландырылды. Дихандар 5% жеңілдікпен 44 миллиардтан астам қаржыға қол жеткізген. Ал Ауыл шаруашылығы министрінің келтірген мәліметінше елімізде күзгі жиын – терімнің 84 пайызы аяқталды. Көктемгі дала жұмысы мен күзгі жиын-терімнің өзіне ғана 750 миллиард теңге бөлініп отыр. 250 миллиард теңге лизингке жаңа техника алу қарастырылған. Оған қоса түрлі мемлекеттік бағдарламалар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өнім көлемін ұлғайтуға сеп болған.

СНХ: АЙДАРБЕК САПАРОВ ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: «Кең дала 2» деген бағдарлама шықты. Бұл өте бір ыңғайлы, 5 пайыздық, көктемгі егіс науқанына, күзгі егін жинау науқанына бөлінген ақша. Бұл жерде, былтыр қаржыландыруды ерте бастадық. Ноябрь айында. Соның арқасында шаруашылықтар тұқым ала бастады, тыңайтқыш ала бастады, гербецид ала бастады. Техника жаңалай бастады. Соның арқасында мынандай өнімнің көрсеткіші жақсы болып тұр.

РКС: Кең дала 2» бағдарламасының жеңілдігі – жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталады. Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін фермерлер «Аграрлық несие корпорациясының» өңірлердегі филиалдарына жүгіне алады. Шаруалар мемлекеттік қолдауға риза, дегенмен өтінім беруде қағазбастылық азайса деген өтініштері бар.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ