ДИКТОР: Туризм, пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстар және Орталық-Батыс тас жолы. Бұл Ақмола облысы мен Маңғыстау өңірін байланыстыратын негізгі факторлар. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Батыс өңірінен келген мәслихат депуаттарымен кездесті. Жиын барысында екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

РКС: Жиын барысында аймақ басшысы батыс өңірінен келген халық қалауларына өзінің жылы лебізін білдірді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов екі өңір арасындағы ортақ жұмыстарға тоқтала кетті. Шынымен де, елорданы Батыспен байланыстыратын көлік дәлізі Ақмола облысынан бастау алады. Өңір басшысы туризм, білім, сауда және экономика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін де атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ; АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сіздердің міне осы Маңғыстаудан келіп, қарым-қатынасымыз жақсы, тығыз. Қазіргі таңда міне сіздердің әкімдікпен де біздің байланысымыз жақсы қалыптасқан. Біраз балалар біздің үлкен университеттерімізде, колледждерімізде тәлім-тәрбие алып отыр. Жазғы күні келіп, демалыс орындары ашық. Өте қолайлы. Мына жерде шипажай. Бәріміздің ойымыз, жоспарымыз, бағытымыз бір ғой, сол халықтың тіршілігі дұрыс болсын деп, әлеумет-тұрмыс жағдайы жақсарсын деп. Сондай мақсатпен біз алға басып отырмыз.

РКС: Ақмола өңірі елорданы азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ, биыл 7 миллион тонна астық жинап, рекорд орнатуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, облыста реновация бағдарламасы бойынша жаңғырту және тұрғын үй сатып алу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект ауыл шаруашылығы саласы мен басқармаларда тиімді қолданылуда. Маңғыстаулық депутаттар тәжірибе алмасып қана қоймай, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға дайын.

СНХ: АРДАҚ БОРАШ, БЕЙНЕУ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ (МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ): Әуелгенде білеміз ғой, осы Ақмола облысының керемет құңарлы жер екен. Оның өнімдері бүкіл Қазақстанның азық-түлік қамтамасыз етуіне үлес қосып отырған. Дегенмен осы жолы біз өз көзімізбен көрдік, бардық. Біздің арғы-түпкі мақсатымыз – өздеріңіз білесіздер, біз 5 елмен шектесіп отырған Каспий теңізінің жағалауындамыз. Сол Каспий теңізінің әлеуетін пайдаланып, сіздің өнімдерді шеттелге шығарып, біздің Маңғыстау еліне пайдалануға жол ашуға келгенбіз, сізден ауыл шаруашылық бағытында үлгі тәжірибелер алуға келгенбіз. Алдағы уақытта біз 2 облыс тығыз жұмыс жасаймыз деген үміттеміз біз.

РКС: Сондай-ақ жиын барысында өңірден Маңғыстау облысына азық-түлік пен басқа да тауарларды тікелей жеткізу, жолаушылар тасымалын дамыту және батыс өңірінен келген студенттерді жұмысшы мамандықтары бойынша дайындау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан келген мәслихат депутаттары ақмолалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін оң бағалады.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ